Шымкентте салынып жатқа құрылыста 24 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда қаза болды
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, марқұм істемей тұрған лифт шахтасына құлап кеткен. Қайғылы жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Қайғылы оқиға жұмыс уақытында болғанына қарамастан, нысанда бірде-бір жауапты адам болмаған. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайды растағанымен, түсініктеме беруден бас тартты. Нысанға жауапты құрылыс компаниясы да ресми жауап берген жоқ.
Шымкенттегі Еңбек департаменті мәліметінше, құрылыс алаңындағы өлім туралы оларға полициядан белгілі болған.
"Полициядан түскен ақпаратқа сәйкес, ТОО "Айна Мэйр Хаус"-қа тиесілі құрылыс алаңында Балтабаев Үмітжан белгісіз жағдайда құлап, көз жұмды. Тергеуді бастау үшін бізге 24 сағат ішінде жұмыс берушіден ресми хабарлама түсуі қажет. Соның негізінде комиссия құрылып, 10 жұмыс күні ішінде тексеру жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін жұмыс берушіден ешқандай хабарлама түскен жоқ", – деді Шымкент бойынша Еңбек комитеті департаментінің бөлім басшысы Алжан Мадалиев.
Мадалиевтің айтуынша, марқұмның аталған компанияда ресми түрде жұмыс істегені әзірге белгісіз. Инспекция жоспардан тыс тексеру жүргізуге рұқсат алу үшін хабарлама жолдаған. Қадағалаушы орган мақұлдаған жағдайда тексеру басталады.
Ал қала Полиция департаменті қылмыстық істің "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша қозғалғанын хабарлады.
"Қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады", – делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!