Қошанов: Қоғамдық палата Президент реформаларын талқылайтын алаңға айналды
Өз сөзінде Ерлан Қошанов бүгінгі таңда Қоғамдық палата Президент реформаларын іске асыруға қатысты жан-жақты диалог жүргізудің маңызды алаңы болып отырғанын атап өтті. Олардың бірі – бір палаталы Парламентке көшу бастамасы.
"Мемлекет басшысы алдағы парламенттік реформаны жан-жақты талқылауды тапсырғанын білесіздер. Қоғамдық палата аясында ресмипікірталасты бастауды ұсынамын. Бұл процестің ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етеді. Қоғамдық палата жалпыұлттық пікірталасқа ұйтқы болып, осы бастаманы қолдауға тиіс", – деді Е. Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Қоғамдық палатаның ережесінде қоғамдық тыңдалымдар форматы бар екенін еске салып, бұл жиындарды жұртшылықтың, мәслихаттар депутаттарының, өңірлердегіҚоғамдық кеңес мүшелерінің және сарапшылардың қатысуымен өткізуді ұсынды.
Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының бизнес саласындағы қолданыстағы заңнаманы түгел тексеріп, зерделеу туралы тапсырмасына Қоғамдық палата мүшелерінің назарын аударып, еліміздегі демографиялық үрдістерді тереңірек зерттеуді ұсынды.
Мәжіліс спикері Қоғамдық палатада Мәжіліс қабылдайтын заңдар талқыланып қана қоймай, сонымен қатар олардың жұмыс нәтижелері тәжірибеде тиімді талданатынын айтты. Ерлан Қошанов кейбір заңдардың іс жүзінде жұмыс істеп, ал кейбіреуі неге қағаз жүзінде қалып қоятынын зерделеуді келесі мәселе ретінде атап өтті.
"Парадокс деуге болады. Заң бар, бірақ орындалмайды. Ол тек құқықтық емес, әлеуметтік мәселеге де айналып отыр. Тыйымдардың еш еленбейтінін көргенде, жұрттың құқықтық нормаларға деген сенімі азаяды. Сондықтан Қоғамдық палата заңдағы жұмыс істемейтін нормаларды талдаумен айналысқаны орынды болады деп санаймын. Бұл заңнаманың әлсіз тұстарын дер кезінде анықтап, оларды жою шараларын ұсынуға мүмкіндік береді", – деді Мәжіліс төрағасы.
Талқылау барысында Қоғамдық палата мүшелері де түйткілдітақырыптарды қозғады. Саясаттанушы Андрей Чеботарев жергілікті өзін-өзі басқару туралы жеке заң қабылдау, облыс және аудан әкімдерінің ықпалының шегін айқындау, саяси партияларды одан әрі дамыту үшін құқықтық жағдай қалыптастыру мәселелерін көтерді. Аналитик Наталья Малярчук заң шығару процесінде жүйеліліктің жоқтығын айтса, саясаттанушы Данияр Әшімбаев қолданыстағы заңнамаға түзетулер жиі енгізілуіне қатысты пікір білдірді.
Мәжіліс спикері барлық идея мен ұсыныс Палатаның алдағы жұмысында ескерілетінін айтты.
Суреттер: Мәжілістің баспасөз қызметі\Ж.Жұмабеков