Қазақстанда алкогольге қатаң шектеулер енгізу ұсынылды
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь еліміздегі қылмыстардың негізгі себептерінің бірі екенін мәлімдеді. Осыған байланысты фракция алкоголь өнімдерін сату мен бақылау талаптарын қатаңдатуды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Магеррамов Ішкі істер министрлігінің деректеріне сілтеме жасап, ауыр қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйде жасалатынын айтты.
"Еліміздегі әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау мен бұзақылық мас күйде жасалады. Алкогольдік масаң күйде әрбір төртінші тонау, жол-көлік оқиғасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтардың жартысынан көбі тіркеледі", - деді депутат отырыс барысында.
Оның айтуынша, БАҚ-тарда алкогольдік масаң күйдегі жасөспірімдердің қоғамдық тәртіпті бұзуы туралы ақпарат жиі жарияланады.
"Сауда нысандары тым көп, оларды физикалық тұрғыда бақылау мүмкін емес. Алкоголь - көптеген қылмыстың түпкі себебі", - деді ол.
Депутат қылмыстың алдын алу тәсілдерін өзгерту қажет деп санайды.
Мәжілісмен бұрын қолданыста болған, балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь сатуға тыйым салатын норманы қайтару қажет екенін айтты. Сондай-ақ, алкоголь өнімдерін сататын сауда нүктелерінің санын шектеуді ұсынды.
Таңбалау және қатаң тыйымдар
Депутат алкоголь айналымын бақылау мәселесіне де ерекше тоқталды. ҚХП фракциясы алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауды енгізуді ұсынды.
"Бұл алкогольді заңсыз сату деректерін мұқият қадағалауға мүмкіндік беріп, құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді құралына айналады", - деп түсіндірді Магеррамов.
Өз үндеуінде депутат үкіметке бірқатар шара қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізіміне енгізу, алкоголь сатуға рұқсат етілген нақты нүктелерді айқындау және өзге жерлерде сатуға жаппай тыйым салу.
Сондай-ақ ол алкогольдің бөлшек саудасына дүкендерде сағат 20:00-ден кейін, кафе мен мейрамханаларда 22:00-ден кейін тыйым салуды, сондай-ақ алкогольді онлайн сатуға толықтай шектеу қоюды ұсынды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
