ҰҚШҰ әскерін кіргізу себептері кеңейтілуі мүмкін: заң жобасы мәжіліске түсті
Мәжіліске Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) қызметін реттейтін екі заң жобасы түсті. Құжаттар одақтың әскерін орналастыру мен әскери тасымалдау ережелеріне қатысты.
Түзетулер аумаққа әскерді жіберу негіздерін кеңейтеді. Олардың арасында дағдарыстың алдын алу, гуманитарлық көмек көрсету мен жоспардан тыс тексеру жүргізу сияқты жайттар бар.
"Келісім тараптардың аумақтарында ҰҚШҰ күштері мен құралдарын уақытша орналастырудың құқықтық негізін реттейді және олардың мәртебесін анықтайды. Түзетулер тараптардың аумағына әскерді орналастыру негіздерін мысалы, дағдарыстың алдын алу, гуманитарлық көмек және жоспардан тыс тексерулерді қарастырады" деді мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.
Ол жетекшілік ететін халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді. Алдағы уақытта палатаның пленарлық отырыстарының бірінде қаралмақ.
Екінші заң жобасы ҰҚШҰ әскері мен жабдықтарын тасымалдауға қатысты.
"Келісімге енгізілген түзетулер ҰҚШҰ және аталған тасымалдауларды қамтамасыз етуге қатысты құқықтық базаны жетілдіруді көздейді. Бұған қоса, әскери және басқа да құраманы өздерінің міндеттерін орындау бойынша шұғыл шара қабылданған жағдайда, оларды тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тиімділігін арттыруға бағытталған. Комитет осы заң жобасын қарауды қабылдауға және ол бойынша қорытынды дайындауға дайын" деді депутат.
ҰҚШҰ-ға Ресей, Беларусь, Армения (бұған дейін Ереван Армения ҰҚШҰ-ға мүшелікті тоқтата тұратынын мәлімдеген), Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.
2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.
Қазақстан қоғамында ҰҚШҰ-ға қатысты түрлі пікір бар. Бұған дейін кейбір белсенділер Қазақстан билігін ҰҚШҰ-дан шығуға үндеген. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "ҰҚШҰ-дан шығатын ойымыз жоқ" деп мәлімдеген.
Қазақстандық PaperLab зерттеу орталығы жүргізген "Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы" атты есепке сәйкес, сұралғандардың 44 пайызы Қаңтар кезінде елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуді қолдамаған, 37 пайызы қолдаған.
