Тоқаев Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" шақырту алды
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Бейбітшілік кеңесі" құрамына кіруге ресми шақырту жолдап, Қазақстанға кеңестің негізін қалаушы елдердің бірі болуды ұсынған. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайға сілтеп Vlast.kz басылымы хабарлады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев әлем лидерлері арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесі құрамына кіруге, Қазақстанды құрылтайшы-мемлекеттердің бірі етуге ресми шақырту алды" деп келтірді басылым баспасөз хатшысының сөзін.
Желдібайдың айтуынша, Тоқаев Қазақстанның "Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатуға, мемлекетаралық сенім мен ғаламдық тұрақтылықты нығайтуға шама келгенше үлес қосуға" беріктігін растаған.
Кремльдің хабарлауынша, Трамп Ресей президенті Владимир Путинді де бұл кеңеске шақырған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Ресей билігі бұл ұсынысты қазір зерттеп жатқанын, АҚШ тарабымен әңгімелесу кезінде детальдарын анықтайтынын" айтты.
Бастапқыда "Бейбітшілік кеңесін" құру Трамптың Газа аймағынлағы қақтығысты реттеуге арналған бейбітшілік жоспарының бір бөлігі болған. Алайда, Financial Times жазғандай, қазір кеңестің жарғысында Газа атауы мүлде аталмайды. Құжатта "Бейбітшілік кеңесі" "қақтығыстардан зардап шеккен немесе сондай қауіп төніп тұрған аймақтарда тұрақтылықты нығайтуға, сенімді әрі заңды басқаруды қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылатын халықаралық ұйым" ретінде сипатталған.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, жарғыда кеңеске 1 млрд доллар жарна төлеген мемлекет тұрақты мүшеге айналатыны жазылған. Ал өзгелері үш жылдан аспайтын мерзімге тағайындалады. Жарғы жобасында Дональд Трамп "Бейбітшілік кеңесінің" алғашқы төрағасы болатыны және ұйымға кімді шақыру керегін өзі шешетіні көрсетілген. Сонымен қатар ол, егер кеңеске қатысушылардың үштен екіден астамы қарсы болмаған жағдайда, мүше елдерді кеңес құрамынан шығару құқығына да ие болады. Кеңесте шешім көпшілік дауыспен қабылданады, әрбір мүше мемлекет бір дауысқа ие. Алайда құжатта атап өтілгендей, қабылданған барлық шешімді төраға мақұлдауы тиіс.
Bloomberg атап өткендей, Трампты сынаушылар АҚШ президенті бұрыннан сынға алып жүрген БҰҰ-ға балама немесе бәсекелес құрылым жасауды көздеп отыр деп қауіптенеді. Бұған дейін Financial Times дереккөзі Ақ үйдің "Бейбітшілік кеңесін" "БҰҰ-ның орнын басуы ықтимал құрылым ретінде, яғни Газа секторынан тыс өзге қақтығыстарды реттеуге арналған бейресми қосалқы орган ретінде" қарастырып отырғанын мәлімдеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ-ны реформалауға бірнеше мәрте үндеп, ондағы Қауіпсіздік кеңесінде "жауапкершілігі бар орта державалардың үні" деген.
Сондай-ақ, былтыр қарашада АҚШ-қа сапарында Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуға ниетті екенін мәлімдеген. Бұл келісім Израиль және мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған.
Былтыр желтоқсанда Дональд Трамп Қазақстан мен Өзбекстан басшыларын АҚШ-та өтетін дамыған елдердің G20 саммитіне шақырғанын мәлімдеген.
