Конституциялық кеңес отырысы: президент отставкаға кеткен жағдайда өкілеті вице-президентке жүктелуі мүмкін
24 қаңтарда Астанада конституциялық комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев енгізілейін деп жатқан вице-президент пен халық кеңесі институтының өкілеті туралы айтты.
Жиенбаевтың сөзінше, президент отставкаға кеткен жағдайда оның өкілетін вице-президентке жүктеу ұсынылып отыр.
"Президенттің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілетін вице-президентке жүктеу ұсынылып отыр. Вице-президент өкілетті ала алмаған жағдайда, ол құрылтай төрағасына беріледі. Құрылтай төрағасы оны атқара алмаса, премьер-министрге жүктеледі" деді Жиенбаев.
Президент отставкаға кеткен жағдайда екі ай ішінде сайлау өткізу ұсынылып отыр.
Оның сөзінше, вице-президент халықаралық қатынаста және құрылтай, үкімет және өзге де мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста президент атынан сөйлемек.
Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, вице-президентті құрылтай мүшелерінің басым бөлігінің қолдауымен президент тағайындамақ. Және оны қызметтен босататын да – сол президент.
Вице-президент қандай да бір саяси партияға мүше болмауы керек, кәсіпкерлікпен шұғылданбауға тиіс.
Жиенбаев конституциялық комиссия отырысында сонымен бірге халық кеңесінің өкілеті туралы да айтты.
Оның сөзінше, ұсыныстарға сәйкес, Халық кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясы мен бұған дейін құрылған ұлттық құрылтайдың стратегиясын жалғастырмақ. Оның құрамын президент анықтайды. Бұл халықтың мүддесін қорғайтын ең жоғары консультативтік орган болмақ. Халық кеңесі бойынша арнайы заң қабылданбақ.
Ол президентке республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізе алады. Ұлттық құрылтай немесе Қазақстанның халық ассамблеясы сияқты оның сессиясына жылына кемінде бір рет өтеді. Ол тұрақты жұмыс істейтін орган емес.
20 қаңтарда Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше саяси өзгерісті жариялаған. Елде бір палаталы парламентте 145 депутат болатынын, парламент партия тізімімен жасақталатынын мәлімдеген. Бұған қоса, елде вице-президент лауазымы пайда болатынын да айтқан. Ал Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарап, оның орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады деген. Кейбір саясаттанушылар Халық кеңесі саяси күшке ие болатын органға айналады десе, кейбірі "саяси жүйеде үлкен өзгеріс болмайды" деп санайды.
