Оңтүстік Кореяда зауыт өртінен кейін қазақстандық жоғалды: СІМ жауап берді
Шетелдік БАҚ-та Оңтүстік Кореяда зауыттағы өрттен кейін Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады. Жағдайға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
CІМ жауабы
Ведомство мәліметінше, 30 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Ымсон уезі, Мэндон-мён аймағындағы азық-түлік пен сусын өндіретін кәсіпорында өрт шыққан. Бұған дейін кореялық БАҚ өрт ылғал майлықтар мен жөргек шығаратын зауытта болғанын хабарлаған.
"Өрттен кейін бірден 81 қызметкер эвакуацияланды, алайда екі жұмысшының, соның ішінде Қазақстан азаматының қайда екені белгісіз. Полиция мен өртке қарсы қызметтің дерегінше, 31 қаңтарда таңертең өртенген цехтың ішінен жеке басы анықталмаған мәйіт табылды", – делінген жауапта.
СІМ ресми өкілінің айтуынша, полиция мәйіттің кім екенін нақтылау үшін Ұлттық ғылыми зерттеулер институтына жүгінген.
"Қазақстанның Елшілігі полициямен және өрт сөндіру қызметімен, сондай-ақ, жоғалған Қазақстан азаматының туыстарымен байланыста. Мәселе бақылауда", – делінген МИД хабарламасында.
Бұған дейін кейбір БАҚ эвакуациядан кейін зауыттың екі шетелдік қызметкері - жасы шамамен 50-дегі Қазақстан азаматы және жасы шамамен 20-дағы Непал азаматы - хабар-ошарсыз кеткенін жазған. 31 қаңтарда сағат 00:39 шамасында өртсөндірушілер жоғалғандардың бірінің денесін ғимараттың екінші қабатындағы баспалдақ маңынан тапқан. Қаза тапқан адамның жеке басы әлі анықталған жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
