Тәркіленген Lamborghini Huracan 5 есе төмен бағаға сатылды
Аукцион қорытындысы
Сауда 20 ақпанда өтті. Аукцион бағаны төмендету әдісімен ұйымдастырылды: яғни лот құны қатысушылардың бірі сатып алуға келісім бергенге дейін біртіндеп төмендейді.
Көліктің бастапқы бағасы 343 332 000 теңге болды. Сауда барысында баға тез төмендеп, нәтижесінде 66 507 352 теңгеде тоқтады. Лот дәл осы сомаға сатылды. Ең төменгі рұқсат етілген баға 57 222 000 теңге еді.
Айта кетейік, осылайша, көліктің құны бағалау құнынан (114,4 млн теңге) шамамен екі есе төмен әрі бастапқы бағадан бес есе арзан болып шықты. Электрон сауда сайтының дерегінше, аукционға екі үміткер қатысқан. Саудаға жіберілу үшін әрқайсысы 17 166 600 теңге көлемінде кепілдік жарна енгізген.
Фото: sauda.e-qazyna.kz
Көлік туралы не белгілі?
Бұған дейін электрон сауда сайтында 2016 жылы шыққан жасыл Lamborghini Huracan-ды сату туралы хабарландыру жарияланған. Сатушы ретінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Алматы қалалық департаменті көрсетілген.
Фото: sauda.e-qazyna.kz
Сатушының мәліметінше, көліктің жағдайы қанағаттанарлық: кілттері бар, алайда техникалық төлқұжаты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, сондай-ақ, толық тексеріс жүргізілмеген. Бұдан бөлек, көлікке шектеулер мен тыйым салынған.
Лоттың ескерту бөлімінде мынадай мәлімет берілген:
"Жеңімпаз сот органдары, құқық қорғау органдары, мемлекеттік кіріс органдары және басқа да уәкілетті органдар заңнамада көзделген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес меншік құқығын өзгертуге тыйым немесе шектеу енгізген нысанды мемлекеттік тіркеуге қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алады".
1Win ісі
Айта кетейік, дәл осындай жасыл Lamborghini Huracan 2024 жылы Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламаларында да аталған. Ұқсас автокөлік 1Win заңсыз онлайн-казино ұйымдастырушылардан тәркіленді.
1WIN онлайн-казиносы бойынша тергеу 2023 жылғы тамызда белгілі болды. Тергеу дерегінше, платформа Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД аумағында жұмыс істеп, мыңдаған адамды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды да құмар ойындарға тартқан.
"2023 жылдың өзінде онлайн-казиноның айналымы шамамен 4 миллиард теңгеге жеткен", – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Видео кадры
2026 жылғы 11 ақпанда ҚМА ресми түрде ұйымдастырушылардың мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленгенін растады.
"Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser, сондай-ақ, шоттардағы қаражат тәркіленді. Сот қаулысымен жалпы құны 420 миллион теңгеден асатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді", – деп мәлімдеді ҚМА департаменті.
