Қоғамдық бақылау комиссия өкілдерінің Жыланбаевқа кіріп шыққаны хабарланды
Қамаудағы белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевқа адвокаты кіре алмай, туыстары оның денсаулығына алаңдап отырған шақта Ақмола облыстық қоғамдық комиссия өкілдері Жыланбаевқа кіріп шыққан. Бұл жөнінде ELIMAY құқық қорғау қозғалысының өкілі Айя Сәдуақасова хабарлады. Оның Жыланбаевқа кіріп шығу туралы мәлімдемесіне қоғамдық комиссия өкілдері жауап берген. Қоғамдық комиссия өкілдерінің жауабын "Белсенділер экстремист емес" тобы жариялады.
Жауапқа қарағанда, қоғамдық комиссияның төрағасы Н.В.Шаврова және комиссия мүшесі З.К.Салимова 19 ақпанда Степногорск қаласы №4 мекемесіндегі Марат Жыланбаевқа кіріп шыққан.
"....М.Жыланбаевпен әңгімеден кейін одан дене жарақаты немесе оның белгілері анықталған жоқ. Ол қанағаттанарлық жағдайда қамауда отыр және тұрмыстық жағдайға қатысты өзінен шағым түскен жоқ. Марат Жыланбаев мекеменің ішкі ережелерін бұзуға байланысты қазіргі кезде тәртіптік изоляторда отыр. Жыланбаев өзінің конституциялық құқықтары бұзылғандықтан аштық жариялағанын хабарлады:
• адвокатын кіргізбеуі;
• тәртіптік изолятор кезінде таксофонмен хабарласуға тыйым салу;
• жолдасымен ұзақ мерзімдік кездесуді ауыстыру;
• мекеменің аумағында өте қажетті тауарды алатын дүкеннің болмауы.
Түрме әкімшілігінің сөзінше, М.Т.Жыланбаев медициналық көмектен бас тартқан, дәрігерлердің визуалдық тексерісінен күн сайын өтеді. М.Жыланбаев өзінің денсаулығын өзі бақылап отыр, алдыңғы аштықтарды ескере отырып, өзінің жағдайын тұрақты деп санайды, дене жаттығумен айналысып жатыр. Комиссия мүшелері барған кезде жағдайы қанағаттанарлық болған, спортпен айналысқан..." деп құқық қорғау тобы комиссия өкілдерінің жауабын келтіреді.
Құқық қорғаушы Айя Сәдуақасова оларға "оған адвокаты мен отбасын неге кіргізбей жатыр?" деген сұраққа комиссия мүшелері "тәртіптік изоляторда отырған кезде кездесуге тыйы салынады" деп жауап берген.
Құқық қорғау тобы "Қазақстан билігі саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың құқықтарын жүйелі түрде бұзып жатыр (БҰҰ оны дереу босатып, ақтауды талап етеді). Қазіргі кезде Мараттың қамалу жағдайы онан сайын қатайтылды" деп жазды.
"БҰҰ incommunicado (коммуникациядан айыру) тәжірибесін адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастырады, себебі бұл адам құқығын бұзу. Инкоммуникадо —бұл адам қорғаусыз және бақылаусыз қалғандықтан қатігез, адамды қорлайтын қарым-қатынасты қолдануға жағдай жасайтын психологиялық қысымның бір түрі" деп жазды құқық қорғау тобы.
Бұған дейін белсендінің жақындары Марат Жыланбаевтың өмірі мен денсаулығына алаңдап отырғанын, жарты жылдан бері күтіп келе жатқан отбасымен ұзақмерзімдік кездесуден айырғанын айтқан. Олардың сөзінше, Марат Жыланбаевтың түрмеде құқығы жиі бұзылады, оған қысым жасалады, намысына тиеді. Түрме басшылығы оған ашық қоқан-лоқы жасаған. Олар түрлі желеумен Жыланбаевтың жазасына жаза қосуы мүмкін деп қауіптенеді.
Бірнеше күн бұрын адвокаты Бақытжан Омарханов пен белсендінің жақтастары Степногорскіге барып, бірақ Жыланбаевты көре алмай қайтқан еді. №4 түрме бастығы «бұл үшін Жыланбаевтың өзі өтініш жазуы керек» деп адвокатты кіргізбеген. Ол Азаттыққа дегенмен түрме бастығының кабинетіндегі камерадан тіке режимде оны көре алғанын айтқан.
«Түрме бастығының кабинетінен көрдім. Тікелей режимде. Жалғыз өзі спортпен айналысып жүр» деді адвокат.
Марат Жыланбаев бұған дейін де түрмеде талай аштық жариялаған. Ол түрмеде өзінің құқықтарының бұзылып жатқандығын және сот үкімімен келіспейтіндігін айтқан.
Азаттық 20 ақпанда түрмеге хабарласқанмен телефон тұтқасын көтерген қызметкер "бастықтардың бәрі жиналыста, қашан босайтыны белгісіз" деген еді.
61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
