Ормуз бұғазындағы танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін мұнай бағасы күрт өсті
Дүйсенбі, 2 наурыздағы саудада мұнай бағасы күрт өсті. Нарық 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы және Ислам Республикасының жауап соққылары туралы жаңалықтарға реакция білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
Лондонның ICE биржасында мамырдағы Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 13,04 пайызға өсіп, баррелі 82,37 доллар болды. Бұл Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4:00-дегі сауда мәліметтері.
Бұған дейін мұнай барреліне 82 доллардан жоғары соңғы рет бір жылдан аса уақыт бұрын, 2025 жылғы 16 қаңтарда саудаланған еді.
Кейін өсім баяулап, 8,93 пайыз болды, мұнай барреліне 79,38 доллар деңгейінде саудаланды.
ICE Futures алаңында демалыс күндері Brent мұнайымен сауда жүргізілмейді, сондықтан нарық Ирандағы оқиғаларды тек бүгін есепке алып отыр.
Ормуз бұғазы ресми түрде жабылған жоқ, алайда үш танкер соққыға ұшырады, сақтандыру компаниялары қамсыздандыруды тоқтатып жатыр, ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай, жанармай және СТГ жөнелтуді уақытша тоқтатты. Бұғаз арқылы өтетін трафик 38–50 пайызға төмендеді.
Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазы жабылған жағдайда мұнай бағасы 100 долларлық межеден асуы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
