Щучинскіде кафедегі жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті
Ақмола облысы Бурабай ауданы орталығы Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыс пен өрттен зардап шеккен тағы екі адам ауруханада көз жұмған. Бұл туралы 3 наурыз күні облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысы Нариман Ермек хабарлады деп жазды ҚазАқпарат.
– Кеше денесінің 70 пайыздан астамы күйіп қалған бір науқас жан тапсырды, ал бүгін біз 85 пайыздан астам күйік шалған тағы бір адамнан айырылдық. Бастапқы күйік жарақаты мен асқынуы өте ауыр болды. Медицина қызметкерлері науқастардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Өкінішке қарай, реанимациялық шаралар нәтиже бермеді, – деген Нариман Ермек.
Осылайша дәмханадағы өрт салдарынан мезгілсіз қазаға ұшырағандар саны тоғыз адамға жетті. Төтенше оқиғадан 28 адам зардап шеккен. Қазір аудандық ауруханада жатқан екі адамның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Тағы төрт адам облыстық көпсалалы ауруханада емделіп жатыр, олардың бірі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
26 ақпан күні Щучинскідегі "Палау орталығы" кафесінде жарылыс болып, салдарынан жеті адам қаза тапқанын Ақмола облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлаған. Алдын ала болжам бойынша, кафеде газ баллоны жарылған.
Прокуратура мәліметінше, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалып, дәмхана иесі ұсталған.
