Таяу Шығыс елдерінен 4700-ден астам қазақстандық елге оралды
Таяу Шығыс елдерінен 4700-ден астам қазақстандық елге оралды.
“Эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4700-ден астам қазақстандық елге оралды” деп хабарлады 7 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Ведомство эвакуация жалғасып жатқанын айтты. Жолаушыларды тасымалдау әуе рейстері арқылы да, жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр деді министрлік.
“6 наурызда ҚР шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының 7 қызметкері – ҚР азаматтарының Иран-Армения шекарасына шығуын ұйымдастырды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Заркух» компаниясы қалған 16 қазақстандықты да осы бағыт бойынша эвакуациялауды жоспарлап отыр. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылды” деп жазылған ресми хабарламада.
Министрлік Таяу Шығыс елдерінде қалған қазақстандықтармен тұрақты байланыста отырғанын, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Бұған дейін Таяу Шығыс елдерінде қалып қалған қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, көмек сұраған еді. Олар күніне Қазақстанға баратын бір ғана ұшақ ұйымдастырылғанын, жолаушылардың әуежайдағы жағдайы нашар екендігіне шағымданған.
Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен әзірге түсініктеме ала алмады.
Таяу Шығыстағы ахуал әлі күрделі. Тараптар бір-бірін атқылауын тоқтатқан жоқ.
