Вьетнамда қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Вьетнамда Қазақстан азаматы жоғалып кетті. Қыз 6 наурыздан кейін байланысқа шықпай қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жоғалған қыздың әпкесі әлеуметтік желілерде үндеу жариялады. Оның айтуынша, 26 жастағы Әсем Қазақстан консулымен кездесу үшін Ханойға ұшуды жоспарлаған. Алайда әуежайдан шамамен 20 шақырым жерде байланысқа шықпай қалған.
Туыстарының айтуынша, жоғалар алдында Әсем қатты қорыққан және біреулер өзін аңдып жүргенін айтқан.
Әсемнің отбасы Вьетнамда немесе көрші елдерде жүрген барлық адамнан, сондай-ақ, сол жақта тұратын таныстары мен туыстарынан іздеуге көмектесуді сұрайды. Әсіресе WhatsApp пен Telegram желілеріндегі туристік және жергілікті қауымдастықтарға назар аударуды өтінеді.
"Егер Вьетнамда туыстарыңыз немесе достарыңыз болса, бізбен байланысқа шықсаңыздар. Сондай-ақ, мүмкін болса, полиция мен ауруханаларға хабарласып көрсеңіздер", - деп жазды жоғалған қыздың әпкесі.
Редакция бұл жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
