Бектенов әкімшілік амнистияны дайындау мерзімдерін белгіледі
Қазақстанда әкімшілік амнистия тетігі екі апта ішінде дайындалады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, тиісті тапсырма Ішкі істер министрлігіне, Әділет министрлігіне және Бас прокуратураға берілген.
"Кеше Президент жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқықбұзушылықтар бойынша амнистия өткізуге бастамашы болды.
Атап өтсем, әкімшілік амнистия еліміздің тарихында тұңғыш рет жарияланып отыр. Ішкі істер және Әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта мерзімде амнистия жүргізу тетігі бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізсін", - деді Бектенов.
Не болды?
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына арналған іс-шара барысында әкімшілік амнистия жасалатынын хабарлаған болатын.
Мемлекет басшысы әңгіме азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтінін құқықбұзушылықтар туралы екенін айтты.
Президент жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айшықтайтынын және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңғыртуды көздейтінін баса айтты.
