“Жұдырық ала жүгіріп, тас лақтырды“. Алматы тұрғындары жасөспірімдердің оғаш әркетіне шағымданды
Не болды?
Оқиға туралы Варвара есімді алматылық тұрғын айтып берді. Ол Instagram парақшасында көшедегі фудкорттардың бірінде түсірілген видеоны жариялады.
"Мына балаларға бұл ойын ба? Үстелге жайғасып алып, ақша талап ете бастады! Тым шектен шығып барасыңдар. Бүгін бұл жағдай ересек адам ретінде шекараны білетініміздіктен ғана жай жабыла салды. Бірақ келесі жолы сендердің бұл әрекеттеріңе қарап қойып отыра бермейтін адамдарға кезігулерің мүмкін", - деп жазды ол ролик сипаттамасында.
Фудкорттағы жағдай бір рет қана болмаған сияқты. Threads желісінің тағы бір қолданушысы дәл осы балалар тобы қала орталығында оған және өтіп бара жатқан өзге адамдарға шабуыл жасағанын айтты.
"Алматы. Қаланың қақ ортасында не болып жатыр? Неге балалар тобы маған (және басқа адамдарға) себепсіз шабуыл жасай алады? Заттарымызды тартып алды, үстімізге су шашты (ал мен жұмысқа бара жатқанмын), тас лақтырып, өзге адамдарды ұрып-соқты", - деп бөлісті жазба авторы.
Скриншот: Threads
Полиция не дейді?
Біз жағдайға қатысты пікір алу үшін Алматы ПД баспасөз қызметіне хабарластық. Олар тексеру жұмыстары басталғанын айтты.
"Қала саябақтарының бірінде видеоға түсіп қалған оқиға дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды. Жағдай бақылауда", - деді ведомство өкілдері.
Алматы полициясы өзгелерге кедергі келтіретін немесе қауіп төндіретін кез келген әрекеттерге немесе мазалауға жол берілмейтінін ескертті. Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын сыпайылық танытып, қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға шақырды.
