Атырау облысында бір топ адам екі полиция қызметкерін ұрып-соққаны хабарланды
Атырау облысында бір топ жігіт екі полиция қызметкерін кәсіби міндетін атқару кезінде ұрып-соққан. Екі полиция жарақаттанған.
"3 сәуірде сағат 22.00 шамасында Мақат ауданында полиция қызметкерлері кәсіби міндетін атқару кезінде заңға қайшы әрекеттің жолын кескен. Оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде бір топ адамның агрессия көрсетіп, полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны анықталды. Соның салдарынан екі қызметкер зардап шекті" деп жазылған аймақтық полицияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталған, оларға процессуалдық сипаттағы шара қолданылған. "Билік өкіліне қатер төндіру немесе күш қолдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жасалып жатыр деп айтылады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ адамның екі адамға жабылып жатқаны көрінеді.
Жергілікті пабликтердің хабарлауынша, полиция қызметкерлері "ішімдік ішкен азаматтарға ескерту жасаған сәтте олар қарсылық танытып, топ болып соққыға жыққан".
