АҚШ-та жүргізуші адамдарды соғып кетті, салдарынан 13 адам зардап шекті
Луизиана штатында мас жүргізуші Лаос Жаңа жылына арналған шеруде жүргендерді қағып кетті. Салдарынан кемінде 13 адам ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
Телеарна бұл ақпаратты полиция деректеріне сүйеніп таратты.
Иберия округі шерифі кеңсесінің мәліметінше, көлік Нью-Иберия қаласындағы екі көшенің қиылысында адамдарды қағып өткен.
Жекеменшік жедел жәрдем қызметі X әлеуметтік желісінде оқиға салдарынан 11 адам ауруханаға жеткізілгенін, тағы екеуі әуе жолымен тасымалданғанын хабарлады.
Iberia Parish Sheriff's Office: "This does not seem to be an intentional act." ????courtesy: KATChttps://t.co/bcahqhhhK1 pic.twitter.com/taprwYmD3d
— WAFB (@WAFB) April 4, 2026
Оқиғадан кейін көп ұзамай 57 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Луизиана штатының полициясы оның жеке басын анықтады. Ер адам Иберия округінің түрмесіне қамалған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, одан мас белгілері байқалған.
Оған мас күйде көлік басқару, абайсызда бірінші дәрежелі дене жарақатын келтіру, көлікті қауіпті жүргізу және көлікте алкоголь сақтау баптары бойынша айып тағылды.
"Тергеудің алдын ала деректеріне қарағанда, бұл оқиға қасақана жасалмаған", - деп мәлімдеді шериф кеңсесі.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Болған жайттан кейін фестиваль ұйымдастырушылары сенбідегі кешкі музыкалық бағдарламаны тоқтатты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жексенбіде фестиваль аясындағы жоспарланған діни шаралар жалғасады, ал қауіпсіздік талаптары қайта қалпына келтірілген жағдайда сауда орындары ашылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
