Алматыда 17 миллиард теңгенің жері мемлекетке қайтарылды
Алматыда құны 17 миллиард теңге болатын жер мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Қадағалау органы "Медеу" өңірлік табиғи паркімен шектесетін, жалпы ауданы 288 гектар болатын екі жер учаскесінің жеке меншікке заңсыз берілгенін анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, даулы учаскелер су қоры бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жатады және сатып алуға жатпайды.
"Жетісу ауданы прокуратурасының талап арызы бойынша сот жасалған мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Алматы қалалық сотының сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді күшінде қалдырды", - деп хабарлады ведомство.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 17 миллиард теңгеден асатын даулы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
