Жарапазан
1
Жарықтық, ораза айын көргенде қай-қайдағым есіме түседі: мұртын таңқита қырған тарауықшыл сопылар, қонақтан қонаққа жүйткіп жүрген молдалар, ауызын оразаға уәде қылып, қаңырығы түтеп шөлдеп, көлеңкеде отырған әжем, ораза болып жүріп саумал ұрлап ішетін Кенжеқыз жеңешем – бәрі де ойымнан кетпейді. Әсіресе жарапазаншыны айтсаңшы, уа шіркін. Жарапазаншы болса, біздің Төлепбергендей болсын. Ел жата, түн ортасы ауа, бай үйіне берекет деп қоя беруші еді ғой, жазған! Жаздың әдемі кешіндегі ай күндізгідей жарықта, біз қораның шетіне «ақсүйек» тастап, ойнаушы едік; қорадағы қойлар тыныш қана күйсеп жатқанда Төлепбергеннің «Жарапазан!» деген дауысы саңқ ете түсетін. Біз ақсүйекті тастай салып, дүркірей жүгіріп шулаған иттерді қуып...
