Алты адам қаза тауып, біреуі аман қалған: депутат сүт фермасындағы төтенше жағдай бойынша ұсталды
Павлодарда "Aktogai Milk" ЖШС кәсіпорнының бас директоры Александр Терентьев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Биыл шілдеде ферма аумағында алты жұмысшы, оның ішінде 17 жастағы мектеп оқушысы қаза тапқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кәсіпкер, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьевтің ұсталғаны туралы ақпарат 11 тамызда павлодарлық Telegram-арналардың бірінде пайда болды.
Павлодар облыстық Полиция департаменті аталған факт бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын және үш күдікті ұсталғанын растады. Сонымен қатар, полиция тергеу мүддесіне сүйене отырып, ұстау туралы ақпараттың тікелей Терентьевке қатысты бар-жоғын нақтыламады.
"Аталған факт бойынша Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
Сондай-ақ, қылмыстық іс аясында қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Расталмаған мәліметтер бойынша, Терентьевпен бірге ферманың атқарушы директоры мен техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер де ұсталған.
Еске салайық, Павлодар облысы Жоламан ауылындағы сүт фермасындағы төтенше жағдай 20 шілдеде болған еді. "Aktogai Milk" ЖШС аумағында алты адам, соның ішінде 17 жастағы жасөспірім қаза тапқаны хабарланған болатын. Тағы бір зардап шеккен 38 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылған.
Сурет оқиға орнында түсірілген. Фото: Валерий Бугаев
Алдын ала болжам бойынша, адамдардың өліміне кәріз құдығындағы жөндеу жұмыстары кезіндегі улану себеп болуы мүмкін.
Бұған дейін қаза тапқан 17 жастағы жасөспірімнің компанияда ресми түрде бағбан болып жұмыс істегені және жасыл желектерді күтіп-баптағаны, сондықтан оқиға орнында болмауы тиіс екені атап өтілген еді.
Қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң "Стальмонтаж", "Ақтоғай-Агро" компаниялары мен "Aktogai Milk" ЖШС бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев мәлімдеме жасады. Ол кәсіпорын қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсететінін айтқан болатын.
9 тамызда Терентьев Instagram-да қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары 10 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алғанын хабарлады. Сондай-ақ, төрт балаға кәмелеттік жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы төлемдер тағайындалған.
Қыркүйектің аяғына дейін қаза тапқандардың балаларына Павлодар қаласынан пәтер сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, кәсіпорын қаза тапқандардың отбасыларының несиелерін өтеуге шамамен 30 миллион теңге бағыттайды.
Анықтама: Александр Терентьев қоғамдық-саяси қызметпен айналысады. Бірнеше шақырылымдағы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты. Мәслихатта құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарады. Депутаттық жұмысы аясында ауылдық аумақтарды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым, сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларды қолдау мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ Александр Терентьев "Стальмонтаж", "Ақтоғай-Агро" және "Aqtogai Milk" компанияларының бас директоры болып табылады.
Алты адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түскен: Павлодар облысындағы сүт фермасында болған ТЖ туралы не белгілі?
Бұған дейін Tengrinews.kz тілшісі қайғылы оқиға болған Жоламан ауылында болып, қаза тапқандардың жақындарымен тілдескен еді. Толығырақ осы жерде.
