Нигерияда шамадан тыс тиелген қайық аударылды: 50-ден астам адам қаза тапты
Нигерияда шамадан тыс жүк тиелген қайықтың аударылуы салдарынан кемінде 50 адам, негізінен балалар қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Straits Times басылымына сілтеме жасап.
20 тамызда Нигерияның Сокото штатында шамадан тыс жүк тиелген қайық аударылып, кемінде 50 адам қаза тапты, оның 40-қа жуығы - балалар.
Қайықта осы штаттың Гороньо жергілікті өзін-өзі басқару ауданында орналасқан Горау қаласындағы фермаларға жұмысқа бара жатқан адамдар болған.
Нигерияда қайықтардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар жиі болып тұрады. Бұл елдегі өзендер мен су жолдарындағы апаттарға көбінесе адамдардың шамадан тыс көптігі, техникалық қызмет көрсетудің нашарлығы және қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болады, әсіресе жаңбырлы маусымда жағдай ушыға түседі.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, қайық бортында ферма иелері мен күріш жинауға жалданып бара жатқан жұмысшылар болған, ал апат кезінде онда 70-тен астам адам болған. Тағы бір тұрғын бортта 57 адам болғанын айтады.
Билік өкілдерінің мәлімдемесіне сәйкес, 40-қа жуық баланың денесі табылды.
