Аргентинада екі жасар бала балабақшаға кокаин әкелген
Тәрбиеші әмиянды байқап қалған
Оқиға Кордованың оңтүстігіндегі Амплиасьон Кабильдо ауданында орналасқан балалар орталығында болған. Тәрбиеші баланың әмиянды ашуға тырысып жатқанын байқап қалған. Қызметкер баланың қасына барып, әмиянды ашқан кезде ішінен 71 кішкентай түйіншек табылған. Осыдан кейін орталық қызметкерлері табылған зат туралы билік органдарына хабарлап, шұғыл қызметтерді шақыртқан.
Кішкенеден соң баланың анасы әмиянын іздеп орталыққа қайта келген. Тәрбиешінің айтуынша, әйел ішіндегі заттарды қайтаруды талап еткен.
"Бұл менікі. Оны маған қайтарыңыздар, мен осы ақшаға балаларымды асырап отырмын", - деген әйел қызметкердің берген түсініктемесіне сәйкес.
Тест нәтижесі заттың кокаин екенін растады
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен Нашақорлыққа қарсы күрес қызметі жетті. Жүргізілген тест түйіншектердегі заттың кокаин екенін растады.
Әйел ұсталып, 71 түйіншек пен әмиян ресми түрде тәркіленді. Келесі күні құқық қорғау органдары баланың әкесін де қолға түсірді. Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты өз үйін есірткіні бөлшек саудада сату үшін пайдаланған. Оларға кәмелетке толмаған баланы қатыстыра отырып, ауырлататын мән-жайлар бойынша есірткі саудалады деген айып тағылды.
Екі жасар бала мен оның сол орталықта болған үш жасар әпкесі әжесінің қамқорлығына берілді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
La Nación Más (@lanacionmas) жариялаған материал
Кордованың қауіпсіздік министрі Хуан Пабло Кинтерос балалар орталығындағы бұл оқиға билік үшін маңызды белгі болғанын айтты. Ол мемлекет кәмелетке толмағандарды есірткімен байланысты қызметке тарту жағдайларына қатаң түрде жауап беретінін атап өтті.
