“Сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын“ - Тоқаев болашақ вице-президент туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайы депутаттарын сайлауда дауыс берді. Кейін Президент бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Брифинг барысында "Хабар" телеарнасының тілшісі Сағыныш Әбікей өз сауалын қойды.
"Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастамасы екенін, ал түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасатынын айтқан едіңіз. Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі іске кірісіп, вице-президент лауазымы тағайындалғаннан кейін елде қандай өзгерістер болады?" - деді ол.
Мемлекет басшысы вице-президент лауазымы туралы сұрақтың көпшілікті толғандырып отырғанын атап өтті.
"Жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде вице-президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын", - деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент басқа да реформалардың жүзеге асырылатынын қадап айтты.
"Мысалы, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін", - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына айналуға тиіс екенін айтқанын еске салды. Оның айтуынша, әрбір облыс орталығында, аудандар мен қалаларда ірі құрылыс жобалары қолға алынады. Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар бой көтереді.
"Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын", - деді Тоқаев.
