Отбасы банк “Ұмай“ ипотекасына қатысты техникалық ақауды түсіндірді
31 тамызда Қазақстанда "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталды. Алайда жүйе жылдық 14,8 пайызбен ипотека алғысы келетіндердің мұндай ағынына дайын болмай шықты.
Қазақстандық әйелдер әлеуметтік желілерде онлайн өтінім беру кезіндегі іркіліске шағымданып жатыр.
"Адамдар дайындалып, ақша жинап, бағдарламаның іске қосылуын күтеді, ал соңында кезек жылжымайды, жүйе шығарып жібереді", - деп жазды Threads қолданушыларының бірі.
Отбасы банк өтінім берушілердің тым көптігіне байланысты техникалық ақау болғанын растады.
"Туындаған уақытша техникалық іркіліс түсіп жатқан өтінімдердің көптігімен байланысты. Біздің мамандар клиенттерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, туындаған мәселелерді жедел шешу, қажет ақпарат пен кеңесті ұсыну үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - деп жауап берді Отбасы банк өкілдері әйелдің жазбасына.
Банктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында бұған дейін адам ағыны көп екені ескертілген.
"Умай" бағдарламасына өтінімдердің көп түсуіне байланысты өтініштер кезек ретімен өңделіп жатыр. Жүктеменің жоғары болуына байланысты өтінімді өңдеу әдеттегіден ұзақ уақыт алуы мүмкін", - деп ескертті банк.
Редакция пікір алу үшін банктің баспасөз қызметіне хабарласты. Ондағылар жауап дайындап жатқандарын айтты, оны біз кейін жариялаймыз.
Қазақстанда "Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталды. Бағдарлама шарттары:
мөлшерлеме - жылдық 14,8 пайыз (СЖТМ 16,3-тен 16,8 пайызға дейін);
отбасының максималды табысы - 1 250 000 теңгеден аспауы тиіс;
сатып алынған немесе жөндеу жүргізілетін тұрғын үйде міндетті түрде тұру;
кейінгі алты айдағы төлем қабілеттілігін растау;
ипотеканың максималды сомасы - 50 миллион теңге, жөндеу жұмыстарына - 15 миллион теңге.
Ай сайынғы төлемдердің шамалап алынған есебін алдыңғы материалымыздан оқи аласыз: "Ұмай“ ипотекасы: “Отбасы банк“ өтінімдерді қабылдау күнін жариялады".
