Қызылорда облысында полицейді өлтіріп кетті
Қызылорда облысының Арал ауданында учаскелік полиция инспекторы қаза тапты. Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру бойынша күдікті ретінде марқұмның өзі бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан ер адам танылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полицейдің денесі жеке үйдің ауласынан табылды
1 қыркүйекте таңертең әлеуметтік желілерде жеке үйдің ауласындағы гараждан 1988 жылы туған полицейдің зорлықпен өлтіру белгілері бар денесі табылғаны туралы ақпарат тарады.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, күдіктіге іздеу жарияланды.
Жанжал туралы не белгілі?
Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкер қаза тапқанын растады.
"Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаты салынып, соның салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған", - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Күдікті марқұмға бұрыннан таныс болған
"Күдіктінің жеке басы анықталды, оны ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деп хабарлады ПД өкілдері.
Ведомствоның қосымша мәліметінше, күдікті бұған дейін марқұм болған учаскелік инспектор тарапынан тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған.
Бұған дейін Алматы облысының тауларында полицейдің күйген денесі табылған болатын. Қылмыс жасады деген күдікпен полиция оның әйелі мен ұлын ұстады.
