Добавить новость
ru24.net
World News in Kazakh
Сентябрь
2026
1 2 3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Алматыда Непал сценарийі қайталануы мүмкін бе: ТЖМ жауабы

0

Непал тауларындағы қайғылы оқиға биік таулы аймақтардағы табиғи процестердің қаншалықты жылдам ауқымды төтенше жағдайға ұласуы мүмкін екенін тағы бір мәрте еске салды. Тау етегінде орналасқан Алматы үшін бұл мәселе әсіресе жаздың соңы мен күз айларында, сел, көшкін және тас құлау қаупі сақталатын кезеңде өзекті. Қандай табиғи сценарийлер ТЖ-ның күрт дамуына әкеп соғуы мүмкін, қазіргі уақытта Алматы тауларында не болып жатыр және қала мұндай тәуекелдерге қаншалықты дайын екенін Tengrinews.kz Қазақстан ТЖМ-нен анықтап көрді.
Алматыда Непал сценарийі қайталануы мүмкін бе?
Алматыда осыған ұқсас сценарий бойынша төтенше жағдай болуы мүмкін бе деген сұраққа тікелей жауап жоқ: ТЖМ мамандарының айтуынша, әртүрлі таулы аймақтардағы табиғи жағдайлар мен қауіпті процестердің сипаты өзгеше. Сонымен қатар Алматыда да тез дамып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін құбылыстар бар - олар ең алдымен сел, көшкін, опырылым және тас құлауы.
Ведомство Қазақстанда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты әрекет етудің түрлі сценарийлері қарастырылғанын атап өтті. "Азаматтық қорғау туралы" Заңға сәйкес, жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленген.
Бейінді қызметтердің басты міндеттерінің бірі - жағдайдың өзгеруін алдын ала бақылау, халықты ескерту және жедел әрекет етуге дайын болу.
ТЖМ мәліметінше, Алматы тауларындағы қауіпті учаскелер тұрақты бақылауда. Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде бұған дейін сел қаупіне кешенді зерттеулер жүргізілген. Ол үшін ГАЖ-технологиялар, бедердің цифрлық модельдері, қашықтықтан зондтау деректері, көпжылдық гидрометеорологиялық бақылаулар және далалық зерттеу нәтижелері пайдаланылды.

"Зерттеу нәтижелері бойынша цифрлық деректер базасы, сел қаупі бар нысандардың түгендеу карталары әзірленді және алғаш рет сел қаупі мен тәуекелінің ірі масштабты карталары жасалып, ағындардың таралу аймақтары мен ықтимал шығындар анықталды. Бұл селден қорғау құрылыстарын салуға, атап айтқанда Аюсай бассейніндегі бөгет пен құрылысы аяқталып жатқан Ақсай бассейніндегі бөгетке негіз болды", - деп хабарлады ведомство.

Сел қаупі бар кезеңнің басталуымен қауіпті мореналық көлдер мен сел жүру қаупі бар учаскелерде 11 маусымдық пост қойылады. Олар тәулік бойы жағдайды, соның ішінде көлдер мен өзен арналарындағы су деңгейін бақылайды.
Алматы тауларындағы мореналық көл. Фото: gov.kz
Бұған қоса, "Қазселденқорғау" және ТЖД мамандары мореналық көлдер мен мұздықтарға аэровизуалды және жерүсті зерттеулерін жүргізеді.

"Бүгінгі таңда жағдай тұрақты, биік таулы аймақтарда зақымдалған немесе жарықшақтары бар мұздықтар жоқ", - деп хабарлады ТЖМ.

Хан-Тәңірі шыңындағы мұздық. Фото: Андрей Алмазов, 2021 жылғы мұрағат.
Алматыны селден қорғау үшін қаланың жоғарғы бөлігіндегі Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде бес сел ұстайтын бөгет және үш селден қорғау құрылысы бар. ТЖМ бұл нысандардың барлығы жұмысқа дайын күйде екенін айтады.
2003 жылы Қарғалы өзенінде салынған бөгет 2015 жылы Алматыдағы жойқын сел зардаптарынан сақтап қалды. Фото: © Дәурен Исаев
Бөлек бағыт - көшкін қаупі. Қалада көшкін жүру қаупі бар 211 учаске паспортталған. Ведомство мәліметінше, 2024 жылдан бастап 24 қауіпті учаскеде тіреуіш және көшкінге қарсы құрылыстар тұрғызылды. Сондай-ақ еңістігі 15 градустан асатын беткейлерде құрылыс салуға тыйым салынды, ал көшкін қаупі бар аумақтардың карталары Бас жоспарды түзету кезінде ескерілуі тиіс.
Алматыдағы "Медеу" маңында көшкін жүрді. "Тау-күні" оқу-сауықтыру кешені аумағының бір бөлігі опырылып түсті. Фото: Әлихан Сариев, 2020 жылғы мұрағат.
Дегенмен, қазіргі мониторинг жүйесі мен инженерлік қорғанысқа қарамастан, табиғи процестерді толықтай бақылау мүмкін емес.

"Тас құлау кез келген сәтте болуы мүмкін, ал жер сілкінісі тізбекті реакцияны қозғауы ықтимал, сондықтан негізгі шаралар алдын ала ескертуге, үздіксіз мониторингке және жедел әрекет етуге дайын болуға бағытталған", - деп атап өтті ТЖМ өкілдері.

Халықты ескертудің қандай шаралары қолданылады?
Алматыда ауа райының күрт бұзылуы немесе сел қаупі туралы шұғыл ескертуді бірнеше арна арқылы алуға болады. ТЖМ ақпаратынша, қалада және іргелес таулы аумақтарда көпдеңгейлі хабарландыру жүйесі жұмыс істейді.
Дауылды ескерту кезінде Алматы ТЖД ұялы байланыс операторлары арқылы SMS таратады.
Ақпарат ведомствоның ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап қалада Cell Broadcast технологиясы бойынша Mass Alert жаппай хабарландыру жүйесі іске қосылды. Ол ықтимал қауіп аймағындағы мобильді құрылғыларға шұғыл хабарламаларды бір мезгілде жіберуге мүмкіндік береді.

"Бұл жүйе желілерге салмақ түсірмей және операторлардың жұмыс деңгейіне қарамастан, апат аймағындағы барлық мобильді құрылғыға дабыл сигналын лезде жеткізудің техникалық мүмкіндігінің арқасында әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі саналады", - деп атап өтті ТЖМ.

Бұл ретте құлақтандыру тек автоматты хабарламалармен шектелмейді. ТЖД тау шаңғысы курорттарымен, туристік базалармен, сондай-ақ тау бақылау және бақылау-құтқару бекеттерімен өзара іс-қимыл жасайды. ТЖМ мәліметінше, олар нақты учаскелердегі жағдай туралы ақпаратты тікелей жіберіп отырады.
Алматы бұған дейін де ауқымды сел апаттарына тап болған
Алматы үшін сел қаупі жай болжам емес. Ең ірі оқиғалардың бірі 2015 жылдың шілдесінде болды: Қарғалы мұздығының астындағы мореналық көл жарылғаннан кейін жойқын сел тасқыны қалыптасып, ол Қарғалы бөгетіне дейін жетті.
Мұрағаттық фото: Тengrinews.kz/ © Владимир Прокопенко
Сел қаланың бірден үш ауданын – Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарын қамтыды. Ең қатты зардап шеккен Наурызбай ауданы, оның ішінде Чапаево кенті болды. Алатау ауданындағы Алғабас кентінде 97-ге жуық үйді су басты, сондай-ақ Әуезов ауданының аумағы да ішінара су астында қалды.
Мұрағаттық фото: Тengrinews.kz/ © Владимир Прокопенко
Табиғи апат салдарынан көшелер мен үйлерді су басып, автокөліктер зақымдалды және ірі көлік кептелістері туындады.
Мұрағаттық фото: © Даурен Исаев
Ал осы жылдың 26 маусымында Алматының Наурызбай ауданында сел қаупі мен су басу қатеріне байланысты тұрғындар эвакуацияланды жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Видеодан кадрлар
Адамдар уақытша аудан мектептерінің базасындағы халықты қабылдау пункттеріне орналастырылды. Қалада сондай-ақ сел қаупі бар учаскелерді бақылау күшейтіліп, құтқару бөлімшелері мен азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді.
Еске сала кетейік, 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында ауқымды су тасқыны болды. Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарларындағы елді мекендерге су, балшық пен қоқыс аралас жойқын тасқын соғылып, үйлерді, жолдар мен көпірлерді қиратты. Апат салдарынан жүздеген адам қаза тапты, тағы жүздегені хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде.
Бұған дейін Қазақстан СІМ Непалда жоғалып кеткендердің арасында 3 отандасымыз бар екенін хабарлаған болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар Непалдан Қытайға шекара асқан туристік топ құрамында болған.




Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса