“Тағдыр тәлкегі“ сюжеті Астанада қайталанды, бірақ бұл оқиға әлдеқайда күрделі болып шықты
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде жағымсыз әрі қорқынышты оқиға болды. Онда мас ер адам ересектердің қарауынсыз қалған үш кішкентай бала болған бөгде пәтерге кіріп кеткен. Бейтаныс адамның қалай пайда болғанын қазір полиция анықтап жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл жағдай басты кейіпкер отырыстан кейін қателесіп бөтен пәтерге кіріп кететін танымал "Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!" фильмінің желісін еске түсіреді. Алайда Астанадағы оқиға комедиядан мүлдем алыс болып шықты: пәтерде үш кішкентай бала болған, ал бейтаныс адамның келуі полицияның араласуына себеп болды.
"Мұны қабылдау қиын"
Астана тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде өз отбасында болған оқиғаны жариялады. Жазба авторының айтуынша, 12 қыркүйекте оның әпкесінің 6, 4 және 2 жастағы үш баласы болған пәтеріне белгісіз жағдайда бөгде ер адам кіріп кеткен. Сол сәтте пәтерде ересектер болмаған.
"Сағат 10:35-те әпкем жұмысқа кеткен. Ол кезде балалар үйде ұйықтап жатқан. Күйеуі жұмыстан шыққанын және таяуда үйде болатынын айтқан соң, ол алаңсыз кеткен. Шамамен 11:00-де әпкемнің күйеуі үйге келіп, есік алдында тұрған бөгде біреудің аяқ киімін көреді, ал кіреберіс есіктің тұтқасы сынып тұрған", – дейді автор.
Автордың жазуынша, ер адам алдымен басқа пәтерге кіріп кеттім бе деп ойлаған, бірақ қателеспегенін түсінген соң, шақырылмаған қонақты оятып, шығарып жібермек болған. Алайда ол көзін аша сала пәтер иесіне жұдырық ала жүгірген. Ер адам қорғануға мәжбүр болып, жарақат алған.
"Мұның бәрі балалардың көзінше болды. Олар қатты қорыққаннан жылап, көмекке шақыра бастаған. Айғайды естіп көршілер жетіп келіп, балаларды өз үйлеріне алып кетіп, полиция шақырған. Содан кейін әпкеме шұғыл үйге келуін айтып хабарласқан", – делінген жазбада.
Жазба авторы отбасы үлкен баланың психологиялық жағдайына алаңдап отырғанын атап өтті. Жарияланымға сәйкес, ол бұған дейін жол апатына ұшырап, салдарынан оған мазасыздық диагнозы қойылған. Енді жақындары пәтерде болған бұл жағдай оның психикасына қосымша ауыр соққы болады ма деп қауіптенеді.
Бұл ретте туыстары ресми түрде дәлелденбейінше, асығыс қорытынды жасап, ер адамды қандай да бір іс-әрекетке айыптағысы келмейтінін айтады.
Полиция не дейді?
Астана Полиция департаменті бөтен пәтерде бөгде ер адам болғаны туралы ақпаратты растады.
"Істі тергеу барысында оқиғаға қатысы барлардың барлығы анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, мас күйдегі ер адам көрші пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам сол қабатта, бірақ көрші кіреберісте тұрады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
