680 мың теңгеден басталды: Астана мен Алматыда ТЖМ-нің арнайы техникасы саудаға шығарылды
Алматы мен Астанада Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникасы саудаға шығарылды. Кейбір лоттардың бағасы қарапайым сатып алушылар үшін айтарлықтай қолжетімді болып шықты. Қандай техника сатылымға қойылып, қаншаға бағаланғаны туралы Tengrinews.kz материалынан оқи аласыздар.
Саудаға не шығарылды?
Ең ерекше лот - Алматыдағы ГТ-Т-5 шынжыр табанды тартқыш.
Техника аукционға 1,8 миллион теңгеге қойылған. Тәуелсіз бағалаушылар да оның құнын осы мөлшерде бағалаған.
Сауда 15 қыркүйекте өтті. Алайда тартқышты сатып алуға ешкім ниет білдірмегендіктен, аукцион өтпеді деп танылды.
Саудаға шығарылған шынжыр табанды тартқыш-транспортер. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
"Электрон аукцион басталған сәтте бұл нысан бойынша саудаға тіркелгендер болған жоқ", - делінген электрон сауда порталындағы мәліметте.
Тағы бір лот - Астанадағы ЗИЛ-531300 шассиіндегі АЛ-30 автосатысы. Бастапқы бағасы 1,75 миллион теңге болды. 15 қыркүйектегі сауда-саттықта техниканың жаңа иесі табылды.
Саудаға шығарылған ЗИЛ-531300 шассиіндегі АЛ-30 автосатысы. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Техника 6 643 849 теңгеге сатылды.
Астана Төтенше жағдайлар департаментіне тиесілі ЗИЛ-131 көлігі аукционға 1,13 миллион теңгеге қойылған. Сауда барысында оның бағасы 2 миллион теңгеге дейін көтерілді. 15 қыркүйекте көлік жаңа иесіне сатылды.
Саудаға шығарылған ЗИЛ-131 автокөлігі. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Сондай-ақ, Астана ТЖД қолданысында болған Mercedes-Benz Actros 4150 10×4 көлігін де сатуға тырысты. Оның бастапқы бағасы едәуір жоғары – 111,3 миллион теңге болды. Алайда арнайы көлікті сатып алуға ниет білдірген адам табылмады.
Саудаға шығарылған Mercedes-Benz Actros 4150 10×4. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Бұдан бөлек, саудада ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметінің теңгерімінде болған ПАЗ-32051 автобусы сатылды. Оның бастапқы бағасы шамамен 800 мың теңге болған. Сауда барысында баға 1,7 миллион теңгеге дейін өсіп, автобус сатылды.
Саудаға шығарылған ПАЗ-32051 автобусы. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Ал 681 мың теңгеге қойылған УАЗ-39099 көлігін сату мүмкін болмады. Бағасы салыстырмалы түрде арзан болғанына қарамастан, аукционға бірде-бір адам тіркелмеген. Соның салдарынан сауда өтпеді.
Саудаға шығарылған УАЗ-39099. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Baj-5815 өздігінен төгетін көлігін де сатып алушы табылмады. Оның бастапқы бағасы 1,7 миллион теңге болған. Бірақ аукционға ешкім тіркелмегендіктен, сауда өтпеді деп танылды.
Саудаға шығарылған Baj-5815 өздігінен төгетін көлігі. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Тағы бір ГАЗ-2705242 көлігі саудаға 800 мың теңгеден шығарылды. Алайда қатысушылар бағаны тез көтеріп, нәтижесінде көлік 1,7 миллион теңгеге сатылды.
Саудаға шығарылған ГАЗ-2705242. Фото: e-Qazyna.kz порталынан
Есептен шығарылған техника неге сатылады?
Есептен шығарылған техника мемлекеттік мүлікті жекешелендіру аясында электрон аукционға қойылуы мүмкін. Осылайша мемлекет енді қажет емес көлік пен арнайы техниканы сатып, бюджетке қосымша қаражат түсіреді. Бұл қаржы, мысалы, ескі техниканың орнына жаңасын алуға жұмсалуы мүмкін.
Аукционға шығарылатын техниканың жағдайы әртүрлі. Кейбірін жөндеп, қайта пайдалануға мүмкіндік болса, енді бірі бөлшектеліп қалған.
Еске салайық, 2026 жылғы тамызда полицияның апатқа түскен көліктерін де аукцион арқылы сату туралы шешім қабылданған еді. e-qazyna.kz сайтында бағасы 200 мыңнан 6 миллион теңгеге дейінгі 30-дан астам лот жарияланды. Кейбір көліктердің дөңгелегі, бампері немесе салоны болмаған.
