“Тик-Токтан бас көтеріңіздер“. Тоқаев мемлекеттік көмек туралы пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайтынын атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ата заңның мәтінінде "Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы" деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылатынын еске салды.
"Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі (Жақында ауыр дертке шалдыққан бір ғалымды Италиядан алып келді)", - деді ол.
