Трамп “Жасанды интеллект күштерін“ құрып, осы салада “патша“ тағайындамақ
АҚШ президенті Дональд Трамп Ғарыш күштерінің үлгісімен "Жасанды интеллект күштерін" құратынын және жуырда осы сала бойынша жаңа "патшаны" тағайындайтынын мәлімдеді. Ақ үй басшысы бұл процесті либералды түрде реттей отырып, жасанды интеллектінің дамуын жеделдетпек. Бұл туралы Axios хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Трамп жаңа ЖИ тобының құрамы, бюджеті және қай ведомствоға бағынатыны туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Truth Social желісіндегі жазбасында ол үкімет ЖИ-дің дамуына "ешбір жағдайда кедергі келтірмейтінін немесе оны тежемейтінін", бірақ "қолданыстағы қылмыстық және азаматтық сот төрелігі жүйесін" пайдалана отырып, "заңсыз" әрекеттерді анықтайтынын айтты.
Ол ұсынылып отырған Жасанды интеллект күштерін өзінің алғашқы президенттік мерзімінде құрылған Ғарыш күштерімен салыстырды.
"Жасанды интеллект патшасы" лауазымына үміткер әзірге белгісіз.
Қоғамдық қауіп-қатердің күшеюіне және саланың ірі көшбасшыларының қауіпсіздік шараларын қатаңдату туралы үндеулеріне қарамастан, Ақ үй жасанды интеллектіні реттеудегі либералды ұстанымынан бас тартпайды.
Бұған дейін ЖИ саласының көшбасшылары - Anthropic бас директоры Дарио Амодей, OpenAI бас директоры Сэм Альтман, SpaceX бас директоры Илон Маск және Нобель сыйлығының лауреаты, Google DeepMind негізін қалаушы әрі төрағасы Демис Хассабис - жүйелердің қуаты артқан сайын ЖИ-дің дамуын бәсеңдетуге шақырған болатын.
Алыптардың мәлімдемесінен кейін технологияның дамуын тежеуге шақырғаны үшін оларға "сөз байласты" деген айып тағылды. Трамп технологтардың адамзаттың жойылып кетуі мүмкін деген қаупін "ойдан шығарылған" деп атап, жалғыз қорғаныс механизмі "күшті әрі ақылды" президент екенін мәлімдеді.
