“Аш, мен келдім“: бейтаныс ер адам астаналық қыздың пәтеріне кірмек болған
Астана тұрғыны үйінің маңында аңдып жүріп, пәтеріне бірнеше рет кірмек болған белгісіз ер адам туралы айтып берді. Елордалық полиция оның әлеуметтік желідегі резонанс тудырған жазбасына жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Пәтерде қалуға қорқамын"
Астана тұрғыны белгісіз ер адам пәтеріне кірмек болғаны туралы эмоциялық хабарлама жариялады.
"18 қыркүйек сағат 21:30 шамасында әпкем үйден шығып кетіп, мен үйде жалғыз қалдым. Шамамен 10 минуттан кейін есік қаға бастады. Есік көзінен қарасам, жасы 40-тар шамасындағы ер адам тұр. Ол: "Аш, мен келдім" деді", - деп жазды автор.
Қыз есікті ашпай, бейтаныс адамға мекенжайдан қателескенін айтып, кетуін өтінген. Пәтер иесінің айтуынша, бірақ ер адам есік алдында тағы 20 минуттай тұрып алған. Содан кейін кетіп қалғанымен, көп ұзамай қайта келіп, есікті ашуды талап етіп, тағы қаққан.
Жарияланым авторы сол кезде полиция шақырған, бірақ тәртіп сақшылары келгенше белгісіз ер адам ізін суытып үлгерген.
Көршілердің бірі бұл адамды тұрғын үй кешені маңынан бірнеше рет көргенін айтқан соң, жағдай өзгерді.
"Ол біздің үйдің айналасында үнемі жүретінін және біреуді аңдып жүргендей көрінетінін айтты. Сол кезде ол расында мені бақылап жүргенін түсіндім", - деп жазды пост авторы.
Полиция кеткеннен кейін ер адам қайта келіп, пәтер иесі тағы тәртіп сақшыларын шақырған. Бұл жолы ол ұсталды, бірақ оқиға мұнымен аяқталмады.
"Ең қызығы: оны жібере салған. Осы ісі үшін оған тек айыппұл салынды", - деді қыз.
Сондай-ақ ол ер адам босатқаннан кейін біраз уақыт өткен соң, оның үйіне қайта келгенін атап өтті.
"Ол біздің тұрғын үй кешенінде тұрмайды. Бұл туралы көршілер чатта жазды", - деді ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары полицияны бұл жағдайға назар аударуға шақырып, Қылмыстық кодекстің 115-1-бабында қарастырылған сталкинг (адамның соңына түсу, заңсыз әрі мазасыз қудалау) үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.
Жауапкершілікке тартылды
Редакция тілшісі пікір алу үшін Астана полиция департаментіне жүгінді. Ведомство өкілдері ер адамның жеке басы анықталғанын хабарлады.
"Ол пәтер мекенжайын шатастырып, түнгі уақытта бөгде үйдің есігін қаққан, осылайша тұрғындардың тыныштығын бұзған", - деп хабарлады ведомство.
ПД мәліметінше, жасаған құқық бұзушылығы үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда полиция ол қай бап бойынша жазаланғанын нақтыламады.
Бұған дейін Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде мас ер адам бөтен пәтерге кіріп кеткен, ол жерде сол сәтте ересектердің қарауынсыз үш кішкентай бала болған. Полиция департаменті ол осы үйдің тұрғыны екенін және кіреберістерді шатастырып алғанын хабарлаған болатын.
