Айыппұл салына ма: еңбекке жарамсыздық парағын бірнеше күннен кейін қайталап ашуға бола ма?
Әлеуметтік желіде қазақстандық әйел танысының оқиғасын баяндап берді. Ол еңбекке жарамсыздық парағын жауып, кейін екі күн өткенде қайта ауырып қалған. Емханада оған мұндай қысқа мерзімде қайтадан еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге болмайтынын, себебі бұл үшін медициналық мекемеге айыппұл салынатынын айтқан.Қазақстанда шынымен де осындай шектеулер бар-жоғын Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
Еңбекке жарамсыздық парағын екі күннен кейін қайта ашуға бола ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, заң бойынша белгілі бір күн өтпейінше жаңа еңбекке жарамсыздық парағын ашуға тыйым салатын ереже жоқ.
Яғни, егер адам арасына бірнеше күн салып қайта ауырып қалса, дәрігер жаңасын рәсімдей алады, бірақ ол үшін медициналық негіздемелер болуы тиіс.
"Уақытша еңбекке жарамсыздыққа сараптама жүргізу, оның ішінде уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын беру және ұзарту тәртібі Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен бекітілген қағидалармен реттеледі", - делінген жауапта.
Министрліктегілер оның ұзақтығы жеке анықталатынын атап өтті.
Дәрігер мына жағдайларды ескереді:
пациенттің жай-күйі,жарақаттың ауырлығы,аурудың клиникалық барысы,тексеру нәтижелері,емдеудің тиімділігі,ағза функцияларының бұзылу дәрежесі,және адамның жұмысқа қайта орала алу мүмкіндігі.
Дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын неше күнге аша алады?
Жіті ауру немесе жарақат кезінде дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын үш күнге дейін өз бетінше аша алады, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Егер пациентке емделу үшін көбірек уақыт қажет болса, аурухана парағы ұзартылуы мүмкін.
Мерзіміне байланысты бұл үшін бөлімше меңгерушісінің келісімі немесе дәрігерлік-консультативтік комиссияның шешімі қажет, деп түсіндірді министрліктегілер.
Еңбекке жарамсыздық парағы қашан жабылуы керек?
Парақты пациент сауығып, жағдайы жұмысқа оралуға мүмкіндік берген кезде жабуға болады.
"Уақытша еңбекке жарамсыздықтың объективті клиникалық белгілері сақталған жағдайда, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын тоқтату мәселесі тек қажетті тексеру аяқталғаннан кейін және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық көрсеткіштерді бағалаудан кейін шешіледі", - деп хабарлады ведомство.
