Күнтізбелер жүйесі
Адамзат баласы ес жиып, етек жапқалы Аллаһ Тағала жаратқан Күн, Ай, уақыт жүйесіне тиянақты түрде есеп жүргізіп, аспан денелерінің көрінерлік қозғалысына, табиғат мезгілдерінің бір-бірімен ауысып келуіне назар аударып, таным-түсінігін байытып келеді. Осындай бақылау, зерттеу, ой қорыту нәтижесінде пайда болған күнтізбе, яғни, календарь — calendarium деген латын сөзі, оның қазақша мағынасы «қарыз (борыш) кітабы». Себебі, ежелгі Римде әрбір айдың бірінші күні «календы» — алған қарызын қайтаратын күн деп атап, белгілеген, уақыт есебін жасауға негіз қалаған.
Осы күні қарыз алғандар несиеқорларға өсім төлеп, соған сәйкес календылары көрсетілген «қарыз кітаптары» пайда болған, дейді зерттеушілер. Қазір күнтізбенің негізгі ұғымы: тәулік, ай, жыл. Күнтізбе жасау үшін күннің, айдың, жылдың ұзақтығын есептеп, олардың арақатынастарын анықтау керектігін еске алсақ, Күн, Ай, Григориан (Жаңа санат) күнтізбелері жүйесінің өмірге оңайлықпен келмегенін түсінеміз.
Ғалымдардың есептеуінше, Жердің Күнді айналып шығу мерзімі 365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд; Айдың Жерді айналып шығу мерзімі немесе айдың ұзақтығы 29 тәулік 12 сағат 44 минут 3 секунд. Жұлдыздық тәулік делінетін, Жердің өз осінен бір айналып шығуына кететін уақыт 23 сағат 56 минут 4 секундқа тең. Ал тәуліктің жиырма төрттен бір бөлігі жұлдыздық сағат, ол 59 минут 50,17 секунд. Ғылыми деректер бойынша, тағылық дәуірден өтіп, азды-көпті мәдениетіне қол жеткізген халықтардың бәрінде де өз календары болып, олар сол бойынша шаруашылық науқандары мен жұмыстарын ұйымдастырған.
Күнтізбенің түрлері
Өздері өмір сүріп жатқан қонысына, дәстүрлі шаруашылығына, ой-өрісі, жан дүниесінің даму дәрежесіне байланысты әр халықтың өз күнтізбесі болды: Ертедегі халықтар қардың еріп кетуі, өзендердің тасуы, тағы да басқа құбылыстарға негізделген «Табиғи күнтізбені» пайдаланды. Қасиетті қазақ жерінің ежелгі тұрғындары жыл есебін құстардың көктемде келіп, күзде қайтуы бойынша есептеп, олардың тілінде «Жыл құстары» деген атау өмірге келіп, ертедегі күнтізбесі негізінде уақыт өлшемі негізінде қалыптасты. Ежелгі славяндар жылды жаз бойынша есептеп, табиғи күнтізбелер пайдаланылды. Алайда уақыт өте шаруашылық мәдениеті күрделеніп, еңбек бөлісу аясы кеңейген сайын оның уақыт дәлдігінің нашар, өзінің табиғаттың құбылмалы ауа-райына тәуелділігі айқындалып, халықтың уақыт, мезгіл өлшемі жөніндегі талап, тілектерін қанағаттандыра алмады.
Күн календары. Өмір көші алға жылжыған сайын табиғи күнтізбе жарамсыз болып қалып, адамзат баласы «уақыт есебін дүркін-дүркін дәйекті түрде қайталанып тұратын аспан құбылыстарына негізделген» күнтізбелерді ойлап тауып, сол бойынша уақыт өлшемін жүргізетін болды. Мұндай күнтізбелердің ең алғашқы отаны — ежелгі Шығыс елдері болып, Күн календары тұңғыш рет Мысырда шықты. Олар сүмбіле туатын 29 тамызды жыл басы санап, жылды 365 тәулікке, әрқайсысы 30 күндік 12 айға бөлді, артық қалған 5 күнді ешбір айға қоспай, оны Құдайға құлшылық ететін мереке күндері деп есептеді. Қазақтар болса, мұны «бес қонақ» деп атады. Әрбір жыл сайын артық қалатын әлгі бес күнді есепке ала отырып, жылсанауды түзету мақсатында біздің заманымызға дейінгі 238 жылдың 7 наурызында Мысыр патшасы Птолемей ІІІ Эвергеттің жарлығымен әрбір төртінші жылда 366 күн болады деп белгіленді, сөйтіп, кібісе (високосный) жыл ұғымы енгізілді.
Зерттеушілердің пайымдауынша, ежелгі римдіктерде де осыған ұқсас күнтізбе болған көрінеді. Тек онда жыл басы бірінші наурыздан басталған. Біздің көп уақыт бойы пайдаланып келген ай аттарымыз әлгі күнтізбедегі грекше ай атаулыларының орысшаға ауысқан түрлері болып шықты. Нақты деректерге сүйенсек, «біздің дәуірімізге дейінгі 5508 жылдың 1 наурызынан басталатын, «әлем жаратылғаннан бері» делінетін жыл санау жүйесі православ шіркеулерінде әлі күнге дейін бар екен. Жалғыз-ақ, жаңағы күнтізбеде жыл басы қыркүйектің бірі. Оның сыры, 1492 жылы Мәскеуде өткен дінбасылар жиналысы жаңа жылды 1 қыркүйекте тойлау керек деп қаулы шығарыпты да, соған сәйкес ұлы князь үшінші Иоанн Васильевич солай бұйырыпты. Кейін І Петрдің 1699 жылғы 19 желтоқсандағы жарлығымен орыстардың азаматтық жаңа жылы 1 қыркүйектен 1 қаңтарға көшіріліпті. Соған қарамастан, діни жаңа жыл бұрынғы қалпында сақталып келе жатыр.
Римдіктер жылдың алғашқы төрт айына: мартқа, апрельге, майға, июньге өздерінің мықты төрт құдайы Марстың, Афродитаның, Майяның, Юнонаның есімдерін беріп, қалған айларды рет санымен атаған: сентябрь — латынша septen — жеті сөзінен шыққан, яғни (жетінші ай) октябрь (octo — сегіз) — сегізінші ай; ноябрь (novem — тоғыз) — тоғызыншы ай; декабрь (decem — он) — оныншы ай. Жыл аяғындағы февраль айы februarius, қазақша — «тазару», жыл ішіндегі алынған қарыздан толық құтылатын ай. Бір ғажабы, қарыз алғандар ақпанда (февралда) борышынан мүлдем құтылып, наурыз айының бірі күні қожасына келіп қол алысып, «көрісіп», бірін-бірі көзбен көріп, келесі жылға жоспар жасасып отырған. Қазақтардың бірінші наурызда жасы үлкендерге барып көрісетін, келешекте жасайтын істеріне рұқсат сұрап, бата алысатын дәстүріне сайма-сай, ұқсас жағдай.
Мысырда кібісе жыл ұғымын енгізген Эвергет қайтыс болғаннан кейін оның күнтізбесі қолданылмай қалды. Тек қазір ол Эфиопияда ғана қолданылады. Осы орайда Мысыр күнтізбесінің еуропалық күнтізбелерге арқау болғанын айта кеткеніміз жөн тәрізді. Яғни, біздің дәуірімізге дейінгі 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь Юлиан календарын енгізіп, кібісе жылдың ақпан айында 29 күн болады деп белгіленді, бұрынғы «он бірінші» айға грек құдайларының бірі Янустың есімі берілді, ол — januarius (январь) деп аталды, Янус — қазақша «қақпа», «есік» деген сөз, былайша айтқанда, жаңа жылға кіретін тұс. Осы күнтізбе бойынша жыл басы енді 1 қаңтар деп жарияланды.
Римде жаңа жылдың 1 қаңтар болып белгіленуінің сыры, жұлдызға қарап болжам жасайтын астролог абыздар жаңа да жарқан, үлкен істі бастауға ең қолайлы уақыт — күннің Ешкімүйіз (Козерог) шоқжұлдызының ықпалына 11 градус деңгейінде енетін, бұл құбылыс жылына бір-ақ рет қана (әр жылда әр сағатта, түнде ғана емес) болатын кезі деп санады. Жаңа күнтізбеге риза болған римдіктер Цезарьдың құрметіне бесінші айды julius (июль) деп атады, Цезардан кейін билік басына келген Октавиан Август бұрынғы «алтыншы айды» (қазіргі августі) өз есімімен ататқызып, февральдің бір күнін де өз атындағы айға қостыртып жаздыртты. Соның нәтижесінде, июль мен август қатарынан 31 күннен бітетін болып, тарихқа енді.
Октавиан Августан бұрынғы Юлий Цезарь енгізген Юлиан календарының табиғи жылдан 11 минут 14 секунд артықтығы болды. Сол себепті бұл күнтізбе бойынша, күн мен түннің теңелуі 128 жылда бір күнге ерте келетін-ді, яғни 128 жылда бір күн жинақталады. Осыны есепке алып, зерттеушілер «Бұл айырма ХVІ ғасырда 10 күн, ХХ ғасырда 13 күн болды», — дейді. Юлий күнтізбесі «Ескі санат» (стиль) деп те аталады.
Григорий күнтізбесі. Біз Юлий күнтізбесіндегі жылдың тропиктік жылдан 11 минут 14 секунд артықтығы бар екенін айттық. Осы календардағы мұндай кемшіліктерді жойып, әрі күн мен түннің көктемгі теңелуін жыл сайын 21 наурызға келтіру үшін 1582 жылы Рим папасы Григорий-ХІІІ уақыт есебін 10 күнге жылжытып, әрбір 400 жылда 3 кібісе жылды жай жыл етіп алу туралы жарлыққа қол қойды. Уақыт есебінің бұл жаңа жүйесі енді «Григорий календары», немесе «Жаңа санат» (стиль), деп аталды. Осы күнтізбедегі жыл тропиктік жылдан 26 с. ұзақ. Бұдан 3280 жылда 1 күн жиналады. Алайда бұл күнтізбе де табиғи жылға дәл келмейді.
Кеңестер Одағы құрылып, «Жаңа стиль» күнтізбе болып қабылданғанында, Юлиан календары мен табиғи жыл арасындағы ХХ ғасырдағы он үш күндік айырмада ескеріліп, уақыт есебі 13 күнге ілгері жылжытылды. Ол декретпен бекітіліп, соған сай жаңа күнтізбе 1918 жылғы 14 қаңтарда қабылданды. Енді бұл декрет бойынша, 1918 жылғы 31 қаңтардан кейінгі келетін келесі күн 1 ақпан делінбей, 14 ақпан болып есептелді, сөйтіп, қазақтардың «көрісетін» бірінші наурызы осы күнтізбеге сәйкес 14 наурызға келетін болды. Жаңағы қабылданған декрет «Ресей республикасында батысеуропалық күнтізбені қолдану» деп аталған еді.
Тарихтан бізге белгілі ақиқат, Мексика жерін біздің заманымыздың V—Х ғасырлары аралығында майялардың мекен еткені, олардың әрқилы мақсаттар үшін 17 түрлі күнтізбе жүйесін пайдаланғаны. Солардың ішінде «Хааб» деп аталатын майялықтардың азаматтық күнтізбесі 365 күндік Григорий календарына ұқсастау. Тек мұнда бір жыл әрқайсысы 20 күндік 18 айдан (18х20=360) және аты жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен тұрады.
Алғашқы Ай күнтізбесі. Ол ежелгі Вавилонда өмірге келген. Мұнда «әрбір 8 жылдың бесеуінің ұзақтығы 354 күннен де, қалған үшеуінікі 384 күннен есептеледі, жылдың орташа ұзақтығы (354х5+388х3):8 = 365,24 күнге тең келеді. Ұзақтығы 354 күндік жылдар 29 күндік 6 ай мен 30 күндік 6 айдан — барлығы 12 айдан, 384 күндік жылдар 29 күндік 6 ай мен 30 күндік 7 айдан — барлығы 13 айдан тұрады. 29 және 30 күндік айлар кезек алмасып отырады» (ҚҰЭ, 5 том, Алматы, 2003, 133 б.). Тарихшы ғалымдардың дәлелдеуінше, апта есебі де мұнан 4000—5000 жыл бұрын осы ежелгі Вавилонда шығыпты да, біртіндеп басқа елдерге тарапты.
Араб күнтізбесі. Ол да Ай қозғалысына негізделіп жасалынған. Ертеде әрбір 24 жылдың 15-і 12 айдан, 9-ы 13 айдан есептелді де, 13-ай «нәси» деп аталды. 631 жылы Мұхаммед пайғамбар (с. ғ. с.) бұл нәсиді мүлдем есептен шығартып тастайды. Сол кезден бастап араб жылы 12 айдан тұрады, әрбір 30 жылда 11 жыл 355 күннен, 19 жыл 354 күннен саналып, араб жылының орташа ұзақтығы (354 + 19 + 355 х 11): 30 = 354,37 күнге тең болады. Бір қызығы, нақты жылдың 11 күні кем болғандықтан, араб жылының басы жылжып отырады: 1 мұхаррам 1971 жылы 27 ақпанға, 1972 жылы 16 ақпанға дәл келді. Сол себепті, бізше 33 жыл арабша 34 жылға жуық. Содан 622 жыл арабша бірінші жыл, бұл Мұхаммед пайғамбардың (с. ғ. с.) Меккеден Мединеге көшіп барған жылы. Жылдардың бұл жүйесі ай һижрасы деп аталады.
Һижра есебі. Бұл уақыт есебіне дейін арабтар 24 жылдық циклден құралған Ай-Күн күнтізбесін пайдаланды. Онда 12 айлық 15 жыл, 13 айлық 9 жыл болғаны мәлім. Мұнда жылдар — Күндік жылдың мөлшерімен, айлар — туар Айдың мөлшерімен тең келді.
Һижра есебі — тек Аймен ғана тікелей байланысты уақыт есебі. Осы есепте жыл басы — жаңа туған Аймен басталады, Һижра есебі — 30 жылдық циклден тұрады. Оның 19 жылы 354 күндік — жай жыл, 11 жылы 355 күндік — кәбисе жыл. 30 жылдық циклде барлығы — 10631 тәулік бар. Мұсылмандық ай атаулары: 1. Мухаррам — 30 күн; 2. Сафар — 29 күн; 3. Рабиғ әл-әууәл — 30 күн; 4. Рабиғ әс-сәни — 29 күн; 5. Жумада әл-ахира — 29 күн; 6. Жұмада әл-ахира — 29 күн; 7. Ражәб — 30 күн; 8. Шағбан — 29 күн; 9. Рамадан — 30 күн; 10. Шәууәл — 29; 11. Зул-қағда — 30 күн; 12. Зу-л-хижжа — 29 (30) күн.
Араб күнтізбесі араб елдерінде, Азия мен Африканың мұсылман дініндегі елдерінде ресми түрде қолданылады.
Еврейлердің Аралас күнтізбесі. Ертеде еврейлер Вавилон күнтізбесін қолданып, кейін біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырда жылдарды Күн, Ай қозғалыстары бойынша есептейтін Аралас күнтізбеге көшкен. Еврей жылында 353, 354, 355 күн (жай жылдар, 12 ай) немесе 383, 384, 385 күн (кібісе жылдар, 13 ай) болады. Бұлар жөнінде арнайы ереже жасалынған. Израиль еврейлерінде минут, секунд ұғымдары жоқ, олардың орнына хелек пен рэг қолданылады, дейді ғалым А. Ахметжанов. Сөйтіп, сағат — 1080 хелек, хелек — 76 рэг. Еврейше жылдар есебі б. з. б. 3761 жылдан бастау алады. Діншілдердің долбарынша, сол жылы «дүние жаралған». Аралас күнтізбенің бір түрі ежелгі Қытайда да қолданылды.
Славяндар күнтізбесі. Ол кәдімгі табиғи күнтізбе еді. Русь 998 жылы Юлий күнтізбесіне көшіп, жылдар «дүние жаралғаннан» саналды, онда бұрынғы сухий, березозол, травень, т. с. с. айлардың орнына наурыз, сәуір, мамыр т. с. с. рим айлар алынды, жыл қыркүйектен басталды. Петр І патшаның жарлығымен Ресейде «дүние жаралғаннан» делінген 7209 жылы «Христос туғаннан» делінетін 1700 жыл болып қабылданды да, жыл қаңтардан басталды. Бұл күнтізбе 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қолданылды.
Ежелгі түркілердің күнтізбесі. Олар негізінен күн күнтізбесін пайдаланып, кейін қазақтың, өзбектің, түрікменнің, татардың, әзербайжанның, тағы да басқа халықтардың күнтізбелеріне негіз қалады. Осылайша түркілерде жылдың ұзақтығы 30 күндік 12 айға бөлінді, айлардың ұзақтығынан тыс қалған 5—6 күн қосылып, жылдық ұзақтығы 365,25 күн тәулігіне тең болып алынды, жыл басы 1 наурыз (яғни 1 амал — 22 наурыз) болды. Қазақтар уақыт өлшемінде мүшел есебі мен тоғыс есебін де қатар пайдаланды. Қазақтар орта ғасырларда тақтайшаға, жез қаңылтырға жазылған, тоқыма бұйымдарға кестеленген, т. б. қарапайым күнтізбелерді де, Омар Һайям мен М. Т. Ұлықбек күнтізбелерінің көшірмесін де қолданып, ХVІІІ—ХІХ ғасырларда түрік ғалымы М. Дәурендәуидің «Рузнамасын» да пайдаланып, іске жаратты. Қазақ зиялылары 1870—75 жылдары татар тілінде шыққан «Гәреліктер» тәрізді, 1877 жылдан бастап Қайым Насыридің Қазан қаласында шыққан «Күнтізбе» кітапшаларымен де таныс болды. 1889 жылдан бастап Санкт-Петербургтің баспасынан жарық көрген шағатай тіліндегі Ш. Талифидің «Мұсылман күнтізбесі» де қазақтар арасына тарады. 1897 жылы Орынборда жекелеген әріптері қазақ дыбыстарына ыңғайланып реформаланған орыс әліпбиімен, қазақ тілінде, қазақтарға арналған календарь — кітапты да (91 беттік) қазақ зиялылары алдыртып оқыды.
Қазақстанда 1918 жылдан бастап Григорий күнтізбесі қолданылып келеді. Қазір қазақ ғалымдары «Мәңгілік Қазақ календарын» жасап, оны өмірімізге енгізу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізуде.