Қазақтың дәстүрлі құқығы және билер институты
Оған қысқаша тоқталсақ:
«І бап.
а) Ердің құны. Бұл басқа біреудің қолынан қаза тапқан кісі өліміне тең заң. Осы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші құл төлеуге міндетті. Ер адамның құны – жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе).
1. Өнер құны. Оған жүлде алған атақты адамның құны жатады (ақындар, балуандар. – М. С.). Олардың құны үшін екі кісінің құны – 200 жылқы, 12 түйе.
2. Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мәселен, өлген адамның сүйегі туған-туысқандарының қолына түспей, жоқ болып кетсе не ит-құсқа жем болса, ол үшін де екі адамның құны төленеді.
ә) Әйел адамның құны туралы іс жүргізу тәртібі (...әйелдерге құн ерлерге қарағанда көп кесіледі)... Қыз әкесі құда болған жерінен алып-беріп жүрген қалыңмалы қырық жеті болса – қырық жеті, отыз жеті болса – отыз жеті, т. т. шамамен өлген әйелге құн беруге міндетті.
ІІ бап.
Жесір дауы. Қалыңмал беріп атастырып қойған, бірақ ұзатылмаған қыз қалың төлеген елдің жесірі болып есептеледі. (Оны) алып қашқан жігіттің де, онымен кеткен қыздың да айыптары өте ауыр қылмыс ретінде қаралады. Оның жазасы – өлім.
ІІІ бап.
а) Әмеңгерлік. Бұл өлген адамның жесір қалған әйелінің басқа күйеуге шығуы жөнінде қаралып, көп талқылауымен шығарылған заң. «Аға өлсе – іні мұрасы, іні өлсе – аға мұрасы» қағидасына әйел көнуі тиіс.
ІV бап.
Қылмыстарға берілетін жаза. Жаза екі түрлі: біріншісінде адам жазаны басымен тартады. Екіншісінде малымен тартады.
1. Басымен тартатын жаза: а) өлім жазасы. Орындалуы әр түрлі: ат құйрығына байлап, не асып, не садақпен атып өлтіреді; ә) дүре соғу. Көп алдында белгіленген қамшы санымен соғылады; б) масқаралау. Айыпкердің бетіне күйе жағылып, қара сиырға теріс мінгізіп, мойнына құрым ілініп, ауылды не жәбірленуші кісіні айналдырады; в) елден қуу, өз елінен қуылады. Қайда барса да айыпкер еркінде. Етек кесіп елден қуу. Бұл жазамен жазаланғандарды ешкім қабылдамайды.
2. Малымен тарту жазасы: а) құн тарту. Мұның өлшенуі екі түрлі: 1) ердің құны, 2) әйел құны; ә) айып тарту (үш тоғыз). Қылмысына орай әртүрлі болады; б) үш тоғыз мал (27). Қасқа тоғыз (бір тоғыз мал), 3 қалы кілем (Қара нарға қалы кілем жауып, айып беру). 4. Ат-шапан, 5 азусыз ат, жиексіз шапан (бұл айтуы бар, алуы жоқ айып).
Өлім жазасын малмен өтеуге рұхсат етеді. Бірақ ердің құны 100 түйе, әйел 50-ден (түйе) кем болмауы тиіс» (Қазақтың ата заңдары. ІV том № 145–147 беттерде).
«Есім ханның ескі жолындағы» заң ережелері қысқартылып берілді. Біз енді «Жеті жарғы» басты-басты 7 бапқа тоқталсақ.
Тәуке ханның «Жеті жарғысы»
1. Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін.
2. Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін.
3. Сырттан кірген адам үйіне кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байланған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байланған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады.
4. Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады.
5. Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек.
6. Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі.
7. Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атап, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді.
Мұнымен қатар, «Жеті жарғыда» жер дауына, отбасы және неке заңына, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлыққа, тонаушылыққа және куәлік етуге, ант беруге байланысты да қазақтың әдет-ғұрып заңдары көрініс тауып, соған сәйкес жаза, жауапкершілік, айыптар тағайындалды.
Парсы, жылнамашысы Ала ад-Дин-Ата Малик Джувайндің «Тарих-и Джахангушай» («Әлемді бағындырушының тарихы» атты еңбегі бар. Оның баяндауынша, «Ұлы Яса» ұйғыр жазуында моңғол тілінде тұмарға түсірілген. Және де әлгі тұмарлар беделді, Ясаның білгірі ретінде танымал ханзадаларда сақталып келген. Тек, бұл заң көшпелілер өміріне негізделгендіктен, Түркістан, Иран тәрізді отырықшы аймақтарда ежелден қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен құқық жүйесінде қарастырылған әлеуметтік-тұрмыстық және қоғамдық өмірден тыс болып, мұндағы баптар арасында қайшылықтар туғызды. Олар жергілікті билік иелері мен Шыңғыс хан әулетінің билеушілері арасында қақтығыстарға жол ашты. Түркістан иелігінде билік құрған Шағатайдың «Ясаны» орындаудағы әрекетін Джувайни былай мәлімдейді: «Ол өзіне бағынышты халықты Ясамен қорқытып, оны бұзғандарды жазалайтындығын білдірді, оның әскері әрқашан дайындықта болды, әсерлеп айтқанда, кез-келген әйел басына алтын толтырылған табақпен жалғыз, еш қорықпай жүре алатын. Ол кішігірім қаулылар қабылдап отырды. Бұл қаулылар мұсылмандар үшін ауыр болды. Мысалы, қойды бауыздамау туралы қаулысы нәтижесінде Хорасанда ашық мал бауыздаудан қорықты. Мұсылмандарды өлген мал егін жеуге мәжбүрледі» (Кляшторный С. Г., Султанов Т. И. Государства и народы Евразийских степей. Санкт-Петербург, 2004, 188 б.).
Осындай қатал, теріс, осал тұстарына сәйкес кейін Моңғол империясының батыс иелігі мұсылман мәдениетін қабылдап, «Ясаны» міндетті түрде орындауды тоқтатты. 1901 жылы П. Мелиоранскийдің зерттеп жазуынша, «Ясада» қылмыс түрлері және оған сәйкес қолданылатын жаза белгіленген ереже берілген, «Білікте» сот өндіруші және өзіндік процессуалды кодекс ретінде «Яса» заңын бұзушылар сотталған.
«Ұлы Яса» заңы
* Таң мұрагері Хан деген лауазымды иеленсін. Өзге халықтар, оның ішінде мұсылмандарда кездесетін ханға және оның туыстарына әр түрлі есімдерді қоюға тыйым салынатын. Әрқайсысы бастапқыда қойылған өз есімдерін қолдануы тиіс.
* Кімде-кім құрылтайдың шешімінсіз, өзгелерді мойындамай, өзін-өзі хан жарияласа, оны қаталдықпен өлтіру керек.
* Мемлекет ішіндегі жағдайды біліп отыру үшін сұлтандар тұрақты байланыс мекемесін ашуға тиісті.
* Әскерге 20-ға толғандар алынсын. Әр ондық, жүздік, мыңдық, түменге басшы тағайындалсын.
* Кімде-кім арсыз әрекет жасайтын болса, өлім жазасына кесіледі.
* Кімде-кім мақтаншақтықпен өтірік айтса, біреудің соңынан әдейілеп қудаласа, таласып тұрған екі жақтың біріне көмектессе, өлім жазасына кесілсін.
* Кімде-кім тұтқынға рұқсатсыз киім немесе тамақ берсе, өлімге кесіледі.
* Кімде-кім қашқын құлды тауып, оны қожайынына қайтармаса, өлімге кесіледі.
* Кісі өлтірген қылмысы үшін құн төлеу арқылы құтылуға болады.
* Кімде-кім ат ұрласа, оның құнын тоғыз есе артық төлеуі тиіс. Егер мүмкіндігі болмаса, ол баласын беруі тиіс.
* Құран оқитын дін жолындағылар, шариғаттың білгірлері, дәрігерлер, ғылым жолындағылар, дәруіштер барлық салық түрлерінен босатылады.
* Әркім таңдамай барлық дінге құрмет көрсетуі тиіс.
* Кімде-кім үш мәрте қарыз алып, оны үш мәрте уақытында қайтара алмаса, өлімге кесіледі.
* Кімде-кім зайыбының көзіне шөп салса, ешнәрсеге қарамай, ол үйленген болсын, не үйленбеген болсын өлімге кесіледі.
* Кімде-кім малдың етін жегісі келсе, алдымен оның ішін жарып жүрегін қолымен қысып өлтірген жағдайда оның етін жеуіне болады.
* Кімде-кім мұсылмандар сияқты малды бауыздаса, оның өзін солай бауыздау керек.
* Ер адам жарықта болғанда, оның міндетін әйелі орындауы тиіс.
* Ұрлық жасағандарға 7-ден 700-ге дейін дүре соғылады.
* Сатқындық жасағандар және сәйегейлікпен айналысқандар өлім жазасына кесіледі.
Шыңғыс ханның «Білігі»
1. Ұлдары әкелерінің билігімен жүрмеген, кіші бауырлары үлкен ағаларының сөзін сөйлемеген, күйеуі әйеліне арқа сүйемей, ал әйелі күйеуінің еркіне көнбеген, енелері келіндерін жақтыртпаған, ал келіндері енелеріне құрмет көрсетпеген, үлкендері кішілерді қорғамай, кіші толқын үлкендердің айтқандарын тыңдамаған, ұлылары құдайға құлшылық етушілердің жүректеріне жақын жүре тұрып, бұл ортадан алыс жүргендерді өз жағына тартпаған, адамдары дүниенің игілігін қолында ұстай отырып, өз елінің жақсы өмір сүруіне жағдай жасамаған, оған қолдау көрсетпеген, салт-дәстүрді (иусун), заңды (йаса) сақтамаған және осы себептен мемлекет басшыларының қарсыласына айналған халық: мұндай елде ұрылар, айлакер – өтірікшілер, жаулар және бұзақылар сол халықтың паналаған жерінің күнін күңгірттендіреді, басқаша айтқанда, өз халқын тонап, оның жылқылары мен басқа да табындарына маза бермей, жорыққа аттанарда алдыңғы қатардағы жауынгерлер сабының аттары шаршайтындықтары соншалық олар көтерем болып құлап, өліп, шіріп жоң болатындай дәрежеге жеткізеді.
2. Егер осыдан кейін билікке келген мемлекет басшыларының ұлдары тұсындағы ұлы адамдары, батырлар мен әмірлер заңды қатаң ұстанбаса, онда мемлекет істері шайқалып, тоқтайды, олар Шыңғыс ханды өте қатты іздейді, бірақ оны таппайды.
3. Бейбіт халықтың ішінде кішкентай бұзаудай тыныш болыңдар, ал соғыс майданында олжасына шүйілген қырандай шайқасыңдар.
4. Жыл басында және соңында келіп Шыңғыс ханның билігіне мойынсұнып, кері қайтатын түмен, мыңдық, жүздіктердің әмірлері ғана әскер басшылығында тұра алады. Ал, өз жұртында отырып, билікті мойындамайтындар терең суға түсіп кеткен тасқа немесе қалың шөпке қарай атылған жебеге ұқсайды, екеуі де ізсіз жоғалады ғой. Мұндай кісілер басшылық етуге жарамайды.
5. Өз үйін таза ұстай алатын әрбір адамға және өзінің иелігін, мүлкін таза, әрі ретті ұстай алатын әрбір кісіге, шайқасқа он адамды ретпен сапқа тұрғыза алатын әрбір адамға мыңдықты немесе түменді беруге болады, ол шайқасқа әскер бастап бара алады.
6. Біз көп аңшылық жасаймыз, жорыққа аттанып, көптеген жауларымыздың көзін жоямыз. Бізге жолды құдайдың өзі бағыттап отырғандықтан, бұл біздің қолымыздан келеді. Кейбіреулер мұны ұмытып басқаша ұғынады.
7. Ойланып айтылған сөзі жақсы болсын, шындық болсын, қалжың болсын қайтару мүмкін емес.
8. Үлкен кісінің алдын барып отырып, сөзді өзің бастамай үлкеннің сұрағын күт, осы кезде барып сұраққа сәйкес жауап бер, асығып сөз бастаған кішінің сөзі қызбаған темірді соққанмен тең.
9. Үш ақылгөй данышпанның дұрыс баға берген сөзіне қай жерде болса да жүгінуге болады.
10. Өзінің ішкі дүниесін жамандықтан арылта алған әрбір ер адам бүкіл иелікті ұрылардан тазарта алады.
11. Ер адам барлық жерде бірдей қажет, көрініп тұратын күн емес. Ері аң аулауға немесе соғысқа кеткен кезде әйелі үйді таза, әрі жинақы ұстап, елші немесе қонақ тоқтаған кезде, оған дәмді тағам пісіріп, қонаққа көрсетілетін барлық сый-сияпатты жасауы қажет. Мұндай әйел ерінің беделін үлкен жиындарда тау іспеттес көтереді. Күйеуінің жақсы екенін әйелінің жақсы қасиеттері арқылы білуге болады. Егер әйел ақылсыз, әдепсіз болса күйеуін осы арқылы тануға болады. Үйдегінің бәрі иесіне тартады.
12. Қарапайым халық бүкіл малын және мүлкін ішкілікке құмарлықтан сатып кедейленеді. Бұл ішімдік адамның жақсысын не жаманын таңдамайды. Егер ішуге қарсы еш құрал таппаса айына үш рет ішу керек, одан артық ішкен адам жазаға тартылсын (Рашид ад-Дин, Сборник летописей. І том, кн. 1. М-Л; 1952, 259-266 бб.).
Қазақ даласындағы «Билер институты»
Халқымыздың әдеттегі құқық негіздерінің тарихы бастауы тым тереңде. Тек сабақтастық қай кезде де үзілмей, көшпелі қоғамымыздағы құқықтық қатынастар мемлекеттілігіміздің қалыптасуымен қатар дамып отырды. Қазақ хандығына түрік мемлекеттерінің дағдылы құқығы, саяси, азаматтық, қылмыстық құқықтық ережелері мирас болып келіп жетті. Халық пен ханның арасында бірін-біріне жақындастырып, олардың қарым-қатынасын үйлестіруші, мемлекеттің рухани-идеологиялық саясатын жүзеге асырушы ақылман билер де болды. Қазақ халқының мемлекеттік құрылымындағы мұндай қызмет «Билер институты» деп аталады.
Қазіргі жыл санауымыз бойынша мұнан бір жарым мың жылдай бұрын, көне Түркі қағанаты құрылған кездің өзінде билердің мемлекет билігіне араласқаны, түрлі лауазым, дәрежеде болғандығы жөніндегі тарихи деректер қытай жылнамаларында жазулы тұр. Өйткені, билер, ежелден-ақ, өз заманының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін заңи тұрғыдан реттеп, жүйелеп, уақыт талабына сәйкес жаңартып отырды, шын мәнінде ұлы дала заңгерлері болды. Жаугершілікте халықты жігерлі сөзімен ел қорғауға шақырып, рухын көтерді, намысын қайрады, батырлармен тізе қосып қол да бастады, жол да бастады. Олардың мемлекеттік билік саласында атқарған ізгі істері хан, сұлтандардың қызметінен кем болған жоқ.
Сақ, ғұн, Қыпшақ дәуірінің қай-қайсында да билік тағына отырғандардың, оның жанына топтасқан нөкерлерінің, ел сұлтандарының, бектердің бәрі бірдей данагөй, көреген, көсем бола алмады. Бұларға ұлыс, ұлтты ұйымдастырып ұйытуда, ел басқару ісін үйлесімді жүргізуде білікті билер құнды ақыл-кеңестерімен бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Олар түйіні қиын кейбір айтыс-тартыс, дау-жандалдарды әділ шешіп, екі жақты табыстырып, татуластыруға күш салды. Хан, сұлтандармен ақылдаса отырып, халқымыздың дәстүрлі құқығын одан әрі жетілдіруге еңбек сіңірді.
Талас туғызбайтын ақиқат, мемлекеттік дәрежедегі ел таныған би болу үшін мынандай асыл құндылықтар мен қасиеттер олардың бойларында болуға тиісті еді: терең ақыл-парасат, ой мен сөзге жүйріктік, кемелді кемеңгерлік, қара қылды қақ жаратын әділеттілік, асқан имандылық, ұлттық салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты, шежірелі тарихты, шаруашылық жайын, әлеуметтік жағдайды, жер-судың ерекшеліктері мен қасиетін, халықтың бітім-болмысын жан-жақты білушілік, терең таным-түсінікті, биік ой-өрісті, рухани бай болу. Ия, осындай адамгершілік асыл құндылықтардың иесі ғана кезінде нағыз «би» атанып, оларға елмен жердің тағдырына билік айту сеніп тапсырылды.
Заңгер Абылай Смағұловтың жазуынша: «Билердің билігі – көшпелі ру-тайпалардың дербестігінің нышаны әрі көрнісі ретінде қоғамда айрықша орын алған. Кейін мемлекеттік басқару жүйесі орталықтандырылған соң, бұрынғы билердің шешімдері әртүрлі бәсеңсіп, бір қалыпқа түсе бастады. Ал ханның жарлықтары олардың мазмұнын байытты. Әсіресе хан өз жарлықтарын алым-салық төлеу, әскер ісі, көші-қон, таңба салу т. б. маңызды мәселелер бойынша шығарды. Хан жарлығы белгілі бір мерзімде өтетін билер кеңесі, халық мәжілісінде жарияланып отыратын. Хандық тұсында да билердің билік айтуы әлсіремей, күшейе түсті. Тіпті, билер сөзі ханды тақтан тайдырып, не болмаса тақ мұрагерін таңдауға құқылы болды. Бұл билердің қоғамдағы әлеуметтік орнының күшейгенін білдіреді» (Адамның құқықтары мен бостандықтарының қайнар көзі. Тура би, № 5, 9 бетте, 2007 ж.).
Зерттеуші ғалым В. В. Бартольдтың пікірінше, «би» сөзі шамамен ХІV–ХV ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі «бек» атауының бір нұсқасы ретінде пайда болған, сөйтіп, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Тек кейін бастапқы семантикалық-тілдік реңкінен ажырады да, негізінен, дау-жанжалды шешіп, кесіледі төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы дала судьясы мағынасына ие болды. Ал оған дейін ХVІІ ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр іл-асрар фи Манақиб әл-ахийар» еңбегінде жазылғанындай, билер – «жоғары мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тірліктен азат адамдар» болды, осындай жандардың бәрі билер деп аталды.
Көшпелілер тарихында мемлекеттік басқару жүйесінде таңба-мөр ұстаудың ғұндардан, қыпшақтардан, билеушісін «хаһ», «қаған» деп атаудың сақ, қыпшақ, түрік, моңғолдардан қалғаны, елін жүзге бөліп басқарудың ғұндардан, сяньбилерден өрістегені, белгілі. Және де олар ханын алтын таққа отырғызуды да, шекара әскерлерін таңдаулы жасақтардан топтауды да, хан ордасындағы әкімшілік ісін жүргізуді де өмірге әкелді. Түрік қағанаты құрылған кезде заң ережелері өзіндік бет-бейнесін тауып, хан жарлығы заң ретінде бұлжытпай орындалды, соттар (билер) лауазымы пайда болып, олар азаматтық және қылмыстық істерді қарады. Сол замандағы заң бойынша «Бүлік шығарғандар елін, Отанын сатқандар болып саналды, шідерлі ат, көлік ұрлаушылар, басқаның некелі әйелдеріне қиямет жасағандар қылмыскер деп есептеліп, бәрінің де бастары шабылды». Үкімді билер шығарды.
Әлем тарихында мемлекет аралық шекара шебін белгілеу ғұндардан басталған. Ал түркі қағанатының ең ірі ұлығы – шад, одан Тегін, Елтебер, Тудындер, барлығы 28 дәрежеден тұратын лауазымдар тарады. Атадан бала бұл шенге мұрагерлікпен ие болып, Еуропадан оған сай келетін балама болған жоқ. Көне түріктердің туында бөрінің зермен айшықталған басы бейнеленеді, Орда гвардиясы «Бөрілер» деп аталды, алтын ұшты жебе мен балқауыз мөр куәлік ретінде пайдаланылды. Тіпті, түріктердің «құрылтай» жүйесі еуропалық сенім, парламентпен парапар болды. Осы құрылтайда хан сайлау, жорыққа аттану, жер бөлісі тәрізді аса күрделі мәселелер қаралды, құрылтай шешімі заң деп танылды. Оның бұлжытпай орындалуын хан, сұлтан, билер қадағалады. Хұндар қолданған «Пайыз қалақшасы» Шыңғыс хан билігінде де қолданылып, ертедегі римдердің «ХІІ таблицалық заң» тақтасымен бір тектес жүйе деп танылды. Осылайша мемлекеттік биліктің барлық жүйелері бірте-бірте қалыптасып, оны жүзеге асырушылар, қадағалаушылар, ереже, тәртіп, заң бойынша істерді қараушылар, үкім шығарушылар жеке-жеке даралана түсті. Билік құрылымдары жергілікті әкімшілік, заң шығарушы, атқарушы биліктерге жүйеленді.
Қазақ хандығын құрған әз Жәнібектің ішкі-сыртқы саясатын жүргізетін алпыстан астам биі болды, Абылай ханның билік жүргізетін Хан кеңесіне қырық екі биі қатысты, солардың ішінде Нияз биді Абылай «хан» деп атады, Майқы би бастаған он екі би Шыңғыс ханды ұлы қағандық тағына отырғызды, Жошыны ақ кигізге отырғызып хан көтергенде Майқы, Сенгеле, Мәуке, Қарашар билер, Көкеші шешен ел атынан құттықтайды, Жошының бас биі болып Кетбұға би сайланады, Батухан Алдыңғы Азия мен Кіші Азияға жойқын шабуыл жасағанда Кетбұға би Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Қаңлы, Жалайыр тайпаларынан құрылған қалың қолға түменбасы болып, шайқасқа шығады, Мұхаммед Хайдар Дулати Орта Азиядағы мемлекеттерді билеген хандардың Орда биі болып, кейін Үндістандағы Бабыр патшалығының Бас биі болып тағайындалады. Дешті Қыпшақ мемлекеті билеген ұлыстарда «Төре бітігі» тәрізді заң, сот-құқық ережелері пәрменді болып, бұлжытпай жүзеге асырылады, билер ерекше құрметтеледі.
«Билер институты – қазақ даласында аса маңызды рөл атқарған институт, – деп жазылыпты «Саяси түсіндірме сөздікте» (Алматы, 2007 ж.). – Билер институтының негізгі мемлекеттік күш қолдану емес, бедел ресурсына сүйенген. Бұл институт сот және кей жағдайларда, әкімшілік билік қызметін атқарды. Билер билік құрылымдарының, ру басыларының және халықтың әртүрлі әлеуметтік мүдделерін сәйкестендірді (саяси қызмет), азаматтың, мүліктік, аумақтық және басқа да ру аралық қақтығыстарды, қауымның әлеуметтік өмірін реттеумен айналысты».
Зерттеушілердің дәлелдеуінше, билердің мемлекеттік қызмет көрсетуде қалыптасқан билік жүйесі болды. Бұлар мынандай лауазым, дәрежеде болып, былайша аталды: ата би, тобе би, қатар би, жеке би, төтен би, бала би.
Ата би. Бұрын талай дау-жанжалды шешіп, ел намысын қорғаған, әділдігімен халқының сый-құрметіне бөленген, қартайғанында билік ісін өзінен кейінгі ізбасарына тапсырған адам. Өзге билер әрдайым ақыл-кеңесін, батасын алып отырған.
Төбе би. Бұл қызметке елдік немесе өңірлік аумақта сайланып қойылған қаламыш билер тағайындалды. Төбе биді халық емес, билер кеңесі сайлады. Оларды «қалаулы билер», «қаламыш билер» деп те атады.
Қатар билер. Құрамына төбе биден басқа, бір-бірінен артықшылығы шамалы, тең құқылы билер алынды. Әр жүздің төбе биі, қатар билері болды. Қазақтың ең белгілі төбе билері: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
Жеке би. Олар – әрбір ауыл, кішігірім рулық бірлестік аймағында билік айтқан би-шешендер. От тілді, орақ ауызды шешендігімен қалың елге танылды.
Төтен би. Екі елдің арасындағы кейбір күрделі, даулы мәселелерді шешу үшін рулардың ішінен таңдау арқылы құрылатын өкілетті билер тобы. Алдын-ала келісілген жерге екі жақтан да төмен билер келіп, дауды талқылап, шешім қабылдайды. Төтен билер сайланбаған, елдің беделді адамдарынан құрылып, ұзаққа созылған айтыс-тартысты шешуге аттандырған.
Бала би. Бұлар – ел алдында билік айтуға жасына орай өкілеттік алмаса да, шешендік сөзімен, даналық ойымен елге таныла бастаған болашақ билер, шешендер. Билер маңызды істерді талқылағанында келешегінен үміт күткен балаларды да қастарынан қалдырмай, ертіп жүрген, билік өнерге баулыған.
Ел арасында билерге байланысты мынандай аталы сөздер, мақал-мәтелдер тарап, сақталды: «Елге бай емес, би – құт», «Хан ақсұңқар болса, тұғыры би болар», «Сұлтан тізгіні болса, би – ауыздық» және т. б. Осы маржан ойлардан көрініп отырғаныдай, билер мемлекеттік істерге белсене қатысып, хандық билікті жетілдірді, ел атынан сөйледі. Оған тағы бір нақты дәлел, Әбілқайыр хан Барақтың қастандығынан қаза тапқан соң, оның орнына мұрагері Нуралы сұлтанды Хан етіп сайлау үшін Ресейдің сол кездегі патшайымы Елизавета ханымға Орта жүз бен Кіші жүздің атынан жазылған хатқа мынандай билер де қол қойып, мөрін басты: керей руынан Наурыз би, шақ-шақ руынан Қойсары, Жәлменбет биі, шөмекей руынан Қыдай, Жайылған билер, қаракесек руынан Қожанай би, шекті руынан Бапи, Бақтыбай, Мөңке, Айдарлы, Есенбай, Мойнақ, Мәметек билері, төртқара руынан Құдайназар, Дәулет, Апақ, Болат, Тілеуімбет билері, байұлы Алаша руынан Байсал би, Қитжан аталығынан Алтай, Қағұлық, Бестібай, Өмірзақ, Кенжалы, Қаратай, Жәнібек билер және тағы да басқа билер мен батырлар (АВПР. Қ. 122. 1748 ж. іс 8).
Қазақ билерінің қай-қайсы да мемлекеттік билік ісіне жас шағынан-ақ араласа бастағаны жөнінде деректер аз емес. 1680 жылы Тәуке хан болып өз тағына отырған соң хан кеңесін құрып, оған алты биді сайлаған екен. Қарақалпақ жерінде өмір сүрген шежірешілер Ақкете Баймағамбет Ербөлекұлының (1889–1969 ж. ж.), Әбди Жаил ахунның (1844–1929 ж. ж.) соңына қалдырып кеткен жазбаларындағы деректер бойынша, сол кезде хан кеңесіне сайланған алты бидің ең үлкені қарақалпақ Сасыл би – 85 жаста, құрама Мұхаммед би – 52 жаста, Қырғыз Қоқым би – 45 жаста, қазақ кіші жүз Әйтеке би – 36 жаста, ұлы жүз Төле би – 23 жаста, орта жүз Қазыбек би – 21 жаста болыпты.
Қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде би атауы ерте заманнан-ақ төрт түрлі мағынада түсіндіріліп келді: 1. Ел билеушісі, иелік етуші; 2. Сот, төреші; 3. Батагөй, шешен; 4. Бітістіруші дипломат, елші. Қалың бұқараға жақын әрі олардың жан-жақты қолдауына ие болғандықтан, билер мен батырлар хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп, өздерінің әлеуметтік-саяси статусын нығайтты, абырой-беделін арттырды. Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д. Сұлтанғазиннің «Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы» деген мақаласында жазуынша: «...бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын» («Дала уәлаятының газеті», 1888, № 51).
Атақты билердің ханның ішкі және сыртқы саясатына, әскери доктринасына тікелей ықпал етіп, өзгерістер енгізе алатынына дәлелді деректер, құжаттар көп. 1695жылы Қазақ Ордасында болған орыс елшілері Ф. Скибин мен М. Трошин былай деп жазады: «...Тәуке хан Қазақ Ордасының таңдаулы адамдарын (билерін. – М. С.) өзіне шақырып алды да, біздің Федка мен Матюшкенің – көзімізше, әлгілерден мына біздерді ұстап қала ма, әлде жібере ме, Русь қалалары мен слободкаларына соғыс ашып бара ма, әлде бейбіт тұра бере ме, соны сұрап алды. Ал енді Е. Б. Бекмахановтың айтуынша: «...Тәуке ханның тұсында (1680–1715) өзінің күш-қуатын сезіне бастаған Қазақ мемлекеті жоңғарларға ауық-ауық күш көрсетіп, кейде өздері де олардың ауыр соққысына ұшырап отырған. Билердің кеңесімен Тәуке хан 1691, 1694 жылдары орыс патшасына өзара достық қарым-қатынас туралы хат жолдайды, елші де жібереді» («Присоединение Казахстана к России». Мәскеу – 1957, 21–22 беттер; Казахско-русские отношения ХVІ–ХVІІІ вв. Алматы – 1961. 16 бетте).
Еларалық мәмілесулерде де билердің сіңірген еңбегі ерекше. 1859 жылы Санкт-Петербургтағы патшаның арнайы қабылдануына Орынбор өлкесінен ғана төртінші мәрте барған билер: Байғанин Алаш – Шөмішті Табан руының Асан атасының ру басшысы әрі биі; Мұңайтпасов Әзберген – Шекті Қабақ биі, Шегенов Бірімжан – Арғын руының жоғары шекті бөлігінің биі, Төлепов Есет – Алшын руының басшысы, оның Аманғұл атасының биі, Бекшорин Сейдалы – Төртқара руының Қарақойлы бөлімінің басшысы, әрі биі және т. б. 1873 жылғы 7 қаңтарда Санкт-Петербургте Ұлы мәртебелі император ІІ Александрдың қабылдауында болған Алтай-Зайсан қазақтарының билері: Монкин Мәжит – сот биі, Жайықов Қожамжар, Доланов Жағыбай билер және т. б. Жоғарыда аты аталған билердің бәрі де қазақ хандығының елшілік қызметіне белсене араласқан, елі мен жерінің мақсат-мүддесін білгірлік, бітімгерлікпен шебер қорғай білгендер. «Бір жолы атақты Абылай хан өзінің батыр, билерін жинап алып, Ресей патшалығының қазақ еліне қарсы басқыншылық әрекетіне тойтарыс беруді ойластырады: Ары айтып, бері айтып келіп ақырында орыспенен «соғысамыз» деген шешімге келеді. Бұған ханның беделді бас биі Бұхар Жырау қарсы шығады. Осы арада айтыс- тартыс, егес басталады. Бұхар би қазақ сарбаздарының соғыс қаруымен жасақталған орыс әскерінің тегеурінді шабуылына төтеп бере алмайтынын дәлелдейді. Халық набыт болады, жерімізден, елімізден айырылып қаламыз. Тілімді алыңдар, орыспен соғыспайық, оған айла, тәсіл қолданайық, деп ақыл береді». (Н. Төреқұлұлы, Қазақтың 100 би-шешені, Алматы, «Қазақстан» – 1995, 100–102 бетте). Айбатты Абылай хан Бұқардың бұл ақылына көнбей, Бөгенбай батыр да соғысамыз деп отырып алғанында, ол жырменен кесімді билігін айтып, соғысты тоқтатады. Жыраудың әлгі толғауы 1925 жылы «Таң» журналының (№ 3) бетінде алғаш рет жарияланды.
Шынжырқатар. Халқымыздың тарихында би болып билік айту дәстүрі атадан балаға жалғасып, бірнеше атасынан бері би атанған әулеттер осылай аталған.
Үш жүздің атақты би-шешендерінің жұлдызды бір шоғырына тоқталсақ. Ұлы жүз, дулаттан: Андас Стамбекұлы, Ақша Қожанбет Тайтілеуұлы, Назарбай би, Ноғайбай Дәулетбақұлы, Қойбек Мыңбасыұлы, Байзақ Мәмбетұлы, Есенкелді Құдайназарұлы, Қасымбек Ысаұлы, Керімбай би, Өтеген Айтуғанұлы. Үйсіндерден: Жайылмас би, Құдайберді Жайылмасұлы, Есей Алдамұратұлы, Досай Бәйгелұлы, Сеңкібай Қабанбайұлы, Досбай Есалыұлы және т. б. Орта жүз, арғыннан: Ақжол Құтанұлы, Әнет Кішікұлы, Бекболат Қазыбекұлы, Тіленші Бекболатұлы, Алшынбай Тілепшіұлы, Орманбет би, Байдалы Бекшеұлы, Шеген Мұсаұлы, Аққошқар Кішкентайұлы және т. б. Қыпшақтан: Нияз Тілеуліұлы, Таймас шешен, Балғожа Жаңбыршыұлы, Досбол Қарлыбайұлы, Бәйеке Наурызбайұлы, Әйгел Айтбайұлы, Ізбасты Есеркепұлы, Әжібай Қарпықұлы, Бала би (Бименбет), Наурызбай Қазыбайұлы, Тобақабыл би, Құдайсүгір Қосетұлы, Қошқар би, Тұрсынбай Маңдайұлы, Мұғал Қазантайұлы, Айтқожа би, Қозыбай Жолшораұлы, Арғынбай шешен, Шындәулет Жиенқұлұлы, Байсымақ би, Тоғызбай шешен, Түменқара би және т. б. Керейлер: Бейсенбі, Дөненбайұлы, Жәнібек Бердаулетұлы, Мүсет Жылкелдіұлі, Жобалай шешен, Қозыбай Нәупілұлы, Итене Кішкейұлы, Бегеш Сабанұлы, Біке би және т. б. Наймандардан: Байжігіт Тоқтарқожаұлы, Боранбай Қалқаманұлы, Құттыбай Нарынбайұлы, Ақтайлақ Байғараұлы, Кегенбай Жомартұлы, Саржан Томанышұлы, Кенжалы Ырғызбайұлы, Аймырза шешен, Шиырбай Келдібайұлы, Сары Шуан шешен және т. б.
Мұнан басқа да үш жүздің алшын, албан, жалайыр, қарауыл, атығай, жағалбайлы, қанжығалы, тобықты, тарақты, қоңырат, т. б. руларынан шыққан белгілі би, шешендер көп. Келешекте олар жөнінде де әңгіме қозғамақшымыз.
(Жалғасы бар)