«Мұнайшы бола тұра, еңбекақымыз туралы айтуға ұяламыз»
Ақтөбе облысында Қазақстан мұнайының 5 пайызы ғана өндірілсе де, бұл өңірдегі ең басты саланың бірі саналады. Кен орындары маңында тұратын көп адам үшін мұнай компаниясында жұмыс істеу — отбасын асыраудың жалғыз жолы. Бұл Көкжиде маңында мұнай мен газ өндіретін Темір ауданының тұрғындарына да қатысты.
Әйтсе де, бұл сала көп назарға ілікпей қалып отыр: мұнда жиі-жиі еңбек дауы туындайды, кәсіподақтар қысымға ұшырайды, кәсіподақ құру барысында да түрлі қиындыққа тап болады.
«Власть» Ақтөбедегі Темір ауданы мұнайшыларының жұмысы туралы әңгімелейді.
Бұл — Көкжиденің жерасты суына, осы жерде істейтін мұнай компанияларына және жергілікті тұрғындардың жағдайына арналған материалдар легінің екіншісі. Көкжиде маңындағы мұнайлы ауылдар туралы алғашқы материалымызды да оқи отырыңыз.
Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
«CNPC – Ақтөбемұнайгаз» — өңірдегі ең ірі мұнай компаниясы. Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясына тиесілі. Онда сервис компания қызметкерлерін қоспағанда, облыс бойынша 5400 адам жұмыс істейді.
Әйтсе де, Темір ауданында ереуілдің басым көбі бақылау кабинеті дәл сол CNPC корпорациясына тиесілі «КМК Мұнай» компаниясында болған. Компанияда сервис компания қызметкерлерін есепке алмағанда, 275-ке жуық адам жұмыс істейді. Құмсай, Мортық және Көкжиде кен орындарында жылына 56 мың тонна мұнай өндіріледі, бұл — Қазақстандағы бір жылдағы мұнай өндірісінің 0,05%-ына тең.
Кәсіпорындағы ереуілдер легі 2021 жылдың қаңтарында басталды. Сол кезде мұнайшылар кезекті вахталық ауысымнан кейін үйіне қайтудан бас тартты. Өндіріс базасында жиналып, жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті.
Азаттық радиосы жариялаған ақпаратқа қарағанда, сол кезде төртінші разрядтағы оператор қолына 155 мың теңге алған (ол кездегі бағам бойынша 370 АҚШ доллары).
Олар, сондай-ақ, еңбек жағдайына шағынған.
«Біз вагондарға [бір қабатты жатақханада орын жетпеген вахташылар тұратын жер] спутник антенналар мен теледидарды өзіміз сатып алдық, кір жуатын машинаны өзіміз сатып алған кездер де болған. Осы жерден 100–200 метр жерде мұнай ұңғымалары бар. Мұнда бес жұлдызды қонақүй болса да, тұруға болмайды. Күкірт пен газдың иісінен тұншығып жатырмыз. Жігіттердің шашы мен тісі түсе бастады», — деген еді аты-жөні аталуын қаламаған жұмысшылардың бірі Азаттық радиосына.
«КМК Мұнай» ереуілі, фото: «Азаттық радиосы»
Вахталық жұмысшылар вагоны, фото: «Азаттық радиосы»
Ереуіл бір аптадан соң, жұмысшылар еңбекақыны 220–260 мың теңгеге дейін көтеру, экологиялық төлемдер мен тарифтік разряд туралы келісімге қол жеткізген кейін ғана аяқталды.
Олармен қатар Бәшенкөл кен орнында «Фирма Ада Ойл» компаниясына қызмет көрсететін «АМК Мұнай» компаниясының 60 қызметкері ереуілге шықты. Олар да жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті.
«Компаниямыздың операторлары 67 мың теңге еңбекақы алады, бұл ақша отбасын асырауға, коммуналдық қызметті төлеуге, азық-түлікке жетпейді… Мейрам күндері, түнгі ауысым тиісті деңгейде өтелмейді. Оны төлеуді талап етеміз. Жалғыз талабымыз — еңбекақыны көтерсін», — деген еді наразылардың бірі президентке жолдауында.
Кейін «келісімге келдік» деген хабармен бұл ереуіл де аяқталды.
Қазақстанда мұнай-газ саласындағы мұндай ереуілдер жаңалық емес. Жұмысшылар басшылықтың келісілген талаптарды орындамайтынын, тәуелсіз кәсіподақ құруға да тосқауыл болатынын айтып шағынады.
«Кәсіподақ төрағасын сайлайтын күні жұмыс беруші кен орнына Ақтөбедегі кеңседен елуге жуық адам әкелді. Оларға Көкжидедегі инженерлер қосылды. Саны жүзден асып кетті. Әділ сайлау өтпейтінін біліп, екінші ереуілді бастадық», — деген еді наразы жұмысшылардың бірі Азаттық радиосына.
Кейінірек жұмысшылар өз атынан кәсіподақ төрағасын сайлай алды. Әйтсе де, біраз уақыттан соң, ол компания тарапынан қысымға ұшырады. Ақыр соңы кәсіби қызметі үшін жұмыстан шығарылды.
Шұбарши ауылындағы азық-түлік дүкені, оның қасында мұнай өндіру жұмыстары жүргізіледі, фотоны Данияр Мусиров түсірген
Кәсіподақ«КМК Мұнай» компаниясы кәсіподағының бұрынғы лидері Ержан Еламановпен Ақтөбе саябақтарының бірінде жолықтық. Қазір ол жұмыссыз, отбасын асыраудың жолын табу үшін барын салып жүр.
Бұрын мұнай компаниясында оператор болған, жұмысшылардың құқығын қорғаған.
«Он жыл «КМК Мұнай» компаниясында оператор болдым. Жұмысшылар бұрынғы басшының жұмысына көңілі толмай, мені кәсіподақтың төрағасы етіп таңдады, — дейді Еламанов. — 180 адам кірді. Кеңсеге қатысы бар адамның бір бөлігі кәсіподақтан шығып кетті. Мен жұмысымды бастадым. Басшылыққа бұл ұнамады десем де болады».
Еламанов көтерген мәселенің басым көбі еңбекақыға қатысты еді.
«2015 жылы жұмысқа шыққанымда, алатын ақым 70 мың еді. Ұят қой. Кен саласының операторы. Ереуілден кейін 220–260 мыңға көтердік. Ойлаңызшы, мұнайшы бола тұра, еңбекақымыз туралы айтуға ұяламыз, — дейді ол. — Ар-намысымызға тиді деп компания мені сотқа берді. Премьер-министрге хатымда облыстағы мұнайшылар арасындағы ең төмен еңбекақы бізде екенін жазғаным үшін. Бәрін сотта дәлелдеп бердім».
Ержан Еламанов, фотоны Данияр Мүсіров түсірген
Қаңтар оқиғасынан кейін, мұнайшылар Жаңаөзен тұрғындарын қолдау барысында жұмысын тоқтатқан кезде, өзге де жергілікті ауыл белсенділерімен облыс әкіміне кіргенін айтады.
«Қаңтардың жетісі күні [Оңдасын] Оразалинге кірдік. Әркім өз проблемасын айтты. Біздің компанияға басқа адамдар келіп жатқанын айттым. Бізді «Азия Мұнай Сервис» секілді басқа компания адамдарына ауыстырып жатқанын айттым. Басшылық оларға біз ереуілге шыққанда бірге шықпаңдар деп айтатын», — дейді Еламанов.
«Азия Мұнай Сервис» мұнай компанияларына аутсорс қызмет көрсетеді. Қазір оны Шан Юнтао басқарады, ал құрылтайшысы — Гэ Юдин.
Мұндай компанияларды жалдау — штаттағы шығындарды үнемдеу мен жауапкершілікті ірі мұнай компаниялары арасында бөлісудің танымал тәсілі. Көптеген құрылымдық бөлімшенің аутсорсқа өтіп жатқанын Кеңкияқ пен Шұбарши елді мекендеріндегі мұнай саласындағы көптеген ардагер де айтып келеді.
Олар, сондай-ақ, компанияны қытай инвесторы сатып алғаннан бері еңбек жағдайы нашарлағанын хабарлады.
«Менің кәсіподақтағы қызметім басқа компанияларға да әсерін берді, сенесіз бе! Менің ешкімге жеке шағымым болмады, бәрі заң бойынша болса екен дедім, — деп күрсінді ол. — Ақыры мені қуып шықты. Бір күнде үш бұйрық шықты: сөгіс, қатаң сөгіс және келісімшартты үзу.
Олармен ұзақ соттастым, бірақ содан кейін қаржылық жағдайым нашарлады, әйелім мен балаларым бар ғой. Соңында олармен бітімге келуге мәжбүр болдым, жұмыстан шықтым, ал маған мәжбүрлі демалыс үшін төлем төледі».Бұдан бөлек, бас көтерген азаматқа қарсы бес қылмыстық іс қозғалған. Айтуына қарағанда, бәрінде жеңіп шыққан.
«Оның бірі алаяқтық бабы (бұл бап бойынша тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін жиі соттайды — В.) бойынша еді. Кәсіподақ кітапшасын апардым, барлық материалды көрсеттім. Ақыры істі жауып тыңды», — дейді ол.
Компания не дейді?Мұнайшылардың ереуілдері мен талаптары туралы пікір білдіре отырып, «КМК Мұнай» компаниясының бірінші вице-президенті Самат Берденов ресурстарының шектеулі екенін мәлімдеді.
«Теңіз, Қашаған немесе Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеріп жатқан басқа компаниялардың КТК арқылы әлемдік нарыққа шығуы бар. Ал біз, Ақтөбе облысында келісімшартқа байланғанбыз, ішкі нарыққа нақты бағамыз бекітілген. Баррель бағасы қанша болсын, тіпті 150 доллар болса да, ол біздің компанияның қаржы жағдайына әсер етпейді», — деп сендірді ол.
Самат Берденов, фотоны Данияр Мүсіров түсірген
Сонымен қатар, «жоғары тұтқырлы мұнай» өндіретінін, ол «үлкен көлемде» электр энергиясы мен тауар газын қажет ететінін атап өтті.
«Екі жыл ішінде тауар газының бағасы бес есе, электр энергиясы екі есе қымбаттады. Салық туралы айтпай-ақ қояйын. Менде не қалды, жалақыны қайдан көтеремін деген сұрақ туындайды», — дейді Берденов. Ол сонымен қатар компания инфляцияға сәйкес жалақыны индексациялап отыратынын қоса кетті.
«CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясы қызметкерлерінің жалақысы тұрақты түрде өсіп отыратынын және оларға ұжымдық келісімшарт қолданылатынын хабарлады. Дегенмен, компания жалақы мөлшері немесе «көк жейдедегі» қызметкерлер мен жоғарғы басшылық арасындағы табыс айырмасы туралы мәлімет берген жоқ. «Фирма Ада Ойл» еңбек жағдайы мен жалақы туралы сұраққа жауап бермеді, ал өңірде жұмыс істейтін «Қазақойл Ақтөбе» және «Өріктау Оперейтинг» компаниялары «Власть» сұрауына жауап қайтарған жоқ.
