«Қосылған құн салығының көтерілуі науқастың қалтасына салмақ»
Осы кезге дейін медициналық қызмет түрлері қосылған құн салығынан босатылған болатын. Алайда таяуда вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет медицина ұйымдарына 10% көлемінде қосылған құн салығын (ҚҚС) қосатынын мәлімдеп, бұл «төмендетілген бағам» екенін, басқа салаларға 16% ұсынылып отырғанын айтты.
Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар мұның соңы неге әкеп соғатынын сипаттап берді. ҚҚС қосылуы салдарынан қызмет түрлері қымбаттап, медицина мекемелерінің жүктемесі көбейеді, осыдан келіп ауыр сырқаттарды уақытында анықтау да қиындай түспек.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұны былай түсіндірді: «Фармацевтика және медицина саласында 10% деп отырмыз», бұл медицина саласындағы қызмет қана емес, дәрі-дәрмек, медицина ұйымдары мен құрал-жабдықтар да қымбаттайтынын білдіреді.
«ОЛИМП» КДЗ бас директоры Ерлан Сүлейменов медицина ұйымдарына ҚҚС қосу науқастарға айтарлықтай кері әсер етіп қана қоймай, медицина бизнесі мен Қазақстанның жалпы денсаулық сақтау жүйесіне залалын тигізеді деп санайды. «Біріншіден, медициналық қызмет бағасы көтеріледі, ізінше ауруды анықтау мен емдеу де қымбаттайды. Медициналық көмекке қол жеткізу деңгейі төмендейді, инфляция жоғарылайды, халықтың сатып алу қабілеті кемиді. Жекеменшік медицина мекемелеріне қаралуды қалтасы көтермеген науқастар мемлекеттік емханаларға барып, жедел жәрдем көмегіне жүгіне бастайды, бұл мемлекеттік медицина мекемелерінің жүктемесін көбейтеді. Емдеу мекемелерінде кезек көбейеді, медициналық қызмет көрсету баяулайды, сапасы да төмендейді», — дейді Сүлейменов.
Фотоны Дулат Есназар түсірген
Ауыр сырқаттарды кеш анықтау да біраз қиындық тудырады — мемлекеттік мекемелерде тексерілуді күту созылмалы және онкологиялық аурулардың асқынуы артуына әкеп соғады.Ал жағдайы келетін азаматтар ауруды анықтау мен емделудің жолын шетелден іздей бастайды, бұл науқастардың сыртқа қарай көптеп кетуін үдетеді.
Бұған қоса, Сүлейменовтің айтуынша, қосылған құн салығын қайта қосу қызметкерлерді іріктеуге әкеп соғып, мамандар шетелге кете бастайды. Өйткені медицина мекемелерінің 83%-ы қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр.
«Әкімшілік басқаруға жүктелетін қосымша шығын артады, өйткені есепшілер санын көбейтуге, банктегі операцияларға шығындануға тура келеді. Бұл медицина қызметінің қосымша қымбаттауына ықпал етеді. Еңбекақы төлеу айтарлықтай қиындыққа айналады, қазір медицина мекемелерінде шығынның 50–60%-ы жалақыға кетеді. Сөйте тұра ҚҚС есепке жатпайды, салық жүктемесі өте жоғары әрі негізсіз болады», — дейді ол.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру да қосымша қаржылық жүктеме болып, бұл да медициналық қызмет бағасының қымбаттауына әсер етеді.
Сүлейменов денсаулық сақтау саласына ҚҚС салу бұл саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін екеніне назар аударады, бұл инновацияны енгізу мен инфрақұрылымды дамытуды баяулатады.
Шығын материалдары, дәрі-дәрмек, реагенттер мен құрал-жабдық қымбаттайтындықтан, мемлекеттік тегін медициналық көмек көлемі мен МӘМС шеңберіндегі қызмет бағасы да көтеріледі.
Фотоны Айсұлу Тойшыбекова түсірген
«Гемодиализ, көз микрохирургиясы, эпилептология қызметін көрсететін клиникаларға тарифті бұрынғы күйінде ұстап тұру тиімсіз болғандықтан, олар жабылып, соның салдарынан науқастар тиісті көмекке қол жеткізе алмауы мүмкін. Салық режимін қатайту бизнестің бір бөлігі көлеңкелі жолға көшуіне әкелсе, бұл медицина қызметінің сапасы мен қауіпсіздігіне кері әсер етеді».
Сүлейменов денсаулық сақтау саласына ҚҚС салу салдарынан қосымша шығынның бәрі науқастардың қалтасына түсетінін айтады, ал жекеменшік медицина ұйымдары салық құнын қызмет ақысына қосып, «салық жинаушыға» айналады дейді. Нәтижесінде медициналық қызметтің бағасы кемінде 10,2%-ға қымбаттауы мүмкін.
Эндокринолог, диабетті зерттеу жөніндегі Азия қауымдастығының халықаралық сарапшысы Жанай Ақанов медицина ұйымдарына ҚҚС салуды қайтарудан бірінші кезекте халықтың осал топтары зардап шегеді деп санайды.
«Қазір портал арқылы стационарға жатып емделу үшін кей жағдайда 2-3 ай күтуге тура келеді. Жағдай дұрыс болмаса, науқастар ақы төлеп жатуға мәжбүр болады. Орташа баға — 400 000 теңге (Алматы, Астана, Ақтөбе), ҚҚС көтерілсе 440 000 теңге болады, дәрі-дәрмектің қымбаттауын қоссақ, 500 000 теңгеге дейін жетеді. Амбулатория деңгейінде бәрін өз бетіңше шешпек болсаң, МРТ-ның өзі 75 000 теңгеге жетіп жығылады», — дейді ол.
Ақанов жалғызбасты зейнеткердің тексерілу және емделу мүмкіндігі айтарлықтай төмендеп, жасы келген ата-анасының денсаулық күтімі балаларына біршама салмақ болатынын айтады.Денсаулық сақтау саясаты саласындағы сарапшы Әли Нұрғожаев қазіргідей бюджет дағдарысы, Ұлттық қордың азаюы және қажеттілігі күмәнді ауқымды жобаларға ақша шашу тыйылмауы жағдайында медицина ұйымдарына қосылған құн салығын қайтадан енгізу заңдылық болып көрінетінін айтады.
Сарапшы бұл жүктеме халық пен сала ойыншыларына салмақ болады деп санайды.
«Ал клиникалар, зертханалар мен медицина нарығындағы басқа да қатысушылардың қолында шығынды азайтатын мүмкіндік мол. Бұл шаралар медицина қызметінің сапасына, науқастардың қауіпсіздігіне және емделіп шығуына кері әсер етуі мүмкін», — дейді Нұрғожаев.
Сарапшы медицина ұйымдарының негізгі шығыны еңбекақы төлеуге кететінін, оған жалпы шығынның 40–70%-ы, тіпті одан да көбі кетуі мүмкін екенін ескертеді. Сол себептен медицина ұйымдарына ҚҚС есептелетін сома аса көп емес: коммуналдық қызмет пен байланыс қана қалады. Ал ҚҚС тұтас айналымға салынады. Соның салдарынан ақылы медициналық қызмет бағасы шамамен ҚҚС пайызы мөлшерінде қымбаттайды».
Мемлекеттік кепілді медициналық көмекке кіретін қызмет ҚҚС-дан босатыла ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Егер босатылса, бұл жекеменшік және мемлекеттік ұйымдардың арасындағы бәсекені азайтады.
«Айналып келгенде ҚҚС тұтынушының, демек науқастың қалтасына түседі (инфляцияны қоспағанның өзінде). Егер клиниканың ұзақ мерзімге алған қарызы болса, қаржылық үлгіні қайта қарастыруға тура келеді, ол жаңа жағдайға сәйкес келмеуі де мүмкін», — дейді Нұрғожаев.
Мұның бәрі жиналып келіп, көптеген емдеу мекемесінің, соның ішінде тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде жұмыс істейтін клиникалардың бизнестен кетуіне немесе бизнес моделін өзгертуіне әкеледі.
«Иә, шығынды азайтуға тура келеді. Бірінші кезекте ол даму жобаларына (жаңадан құрал-жабдық сатып алу) кері әсер етеді, мейлінше арзан дәрі-дәрмек пен бұйымдар ала бастайды, құрал-жабдықтардың сервисінен үнемдейді, қызметкерлерді қысқартады және оларды оқытуға кететін шығынды азайтады, медицина қызметкерлерінің жүктемесі артады, ынталандыру жағы қайта қаралады», — деп қорытты сарапшы.