Алматының ұзаққа созылған жобалары
Жаздың аптап ыстығында ауа райына сай киінбеген Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды Жібек жолы көшесінде тұр. Оған жаяу жүргіншілер көшесін реконструкциялау жоспарын таныстырып жатыр. Әкім «нақты тапсырмалар» берді, ал баспасөз қызметі жөндеу жұмысы жаз соңында басталады деп хабарлады.
Жарты жыл өтсе де, көшеде жұмыс басталған жоқ, Алматыда мұндай тәжірибе қалыпты жағдайға айналған. Қалада бастапқыда айтылған мерзімге үлгерген бірде-бір жоба болған жоқ деуге болады.
Жұмыс көлемі ауқымды болмаса да, мерзімі созылып кетеді: Астана алаңындағы скверді жөндеу бақандай үш жылға созылды (әлі де кей бөлігі аяқталған жоқ), Верный обсерваториясына қатысты жағдай 2016 жылдан бері созылып келе жатыр, ғимараты сол жылы жөнделгенде ішінен музей ашылады деп айтылған еді. Қаланы әрі қарай дамытуға аса қажет маңызды экология және көлік жобалары да жылдан-жылға шегеріліп келеді: жылу электр орталығын газға көшіру, метро, трамвай, веложол, автобустарға газ құбыры станциясын және Есентай өзенінің үстінен көпір салу осы қатарда.
«Власть» құрылысы созылып кеткен бірнеше жобаны мысалға алып, қала жобалары бюрократияға белшеден батуына не себеп болғанын сарапшылардан сұрады.
«Атакент» көрме орталығының аумағы«Атакентті» реконструкциялау туралы 13 жылдан бері айтылып келе жатыр, алғашқы жоба 2013 жылы бекітілген еді. Бұл аумақты Бауыржан Байбек те, Ерболат Досаев та әрлендірмек болды, енді олардың қатарына Дархан Сатыбалды қосылды. Ол былтыр жазда жобамен танысып, құны 11 млрд болатын реконструкция басталады деп уәде берген еді, бірақ әкімдік сот шырғалаңынан шыға алмай қалды. Қазір әкімдік «Атакентті» реконструкциялаудың жаңа мерзімі жайында ештеңе айтып жүрген жоқ.
Виктория Натачиеваның фотосуреті
Жеңіл рельсті көлікАлматыда жеңіл рельсті көлік жобасы 20 жылдан бері созылып келе жатыр. Ол туралы алғаш рет 80-жылдары айтыла бастағанын есепке алып отырған жоқпыз. 2019 жылы қолға алынуға шақ қалды: техника-экономикалық негіздемесі дайын болды, жекеменшік серіктесті іздеу конкурсының бірінші кезеңі аяқталды. Төрт халықаралық консорциум екінші кезеңге қатысуға іріктелді, бірақ Бауыржан Байбек әкім лауазымынан алынды, орнына келген Бақытжан Сағынтаев елдің ең ірі мегаполисі үшін жоба тым қымбат деп, тоқтатып тастады.
2024 жылы наурыз айында Алматы әкімдігі жеңіл рельсті көліктің алғашқы желісінің кезекті техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге конкурс жариялады. Конкурсты «Көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жеңіп алды. Бірақ «Власть» басылымына қалалық мобильділік басқармасының хабарлауынша, серіктестік міндетін мерзімінде орындаған жоқ. ЖШС өкілдері болса, әкімдік бастапқы мәліметтерді уақытында берген жоқ деп хабарлады.
2025 жылдың соңында әкім Сатыбалды жеңіл рельсті көлік пен автобус жолағы қаланы түгел қамтиды деп мәлімдеді, бірақ нақты мерзімін атаған жоқ.
Қыркүйек айында сол кездегі Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жеңіл рельсті трамвайдың алғашқы желісі 2027 жылы іске қосылатынын хабарлады. Ақпан айының ортасында әкімдік «Жеңіл рельсті көліктің бірінші желісі бірінші кезегінің құрылысы» бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталды деп мәлімдеді. Наурыз айында құжат тұжырым алу үшін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.
Райымбек даңғылындағы BRT желісіРайымбек даңғылындағы BRT желісі қаланың жаңа көлік қаңқасының бір бөлігі ретінде 2024 жылы жарияланды, бірақ жүргізушілерге ыңғайсыз болмасын деп құрылыстың басталуы 2025 жылдың көктеміне ығыстырылды. Құрылыс шынымен былтыр сәуір айында басталды, мұнымен қатар тағы бір желі салынды — алайда Желтоқсан көшесіндегі желі автобус жолағына көбірек ұқсайды.
Екі BRT желісінің құны 44,8 млрд теңгеге шықты және оның құрылысы 2025 жылдың соңына қарай аяқталады делінген еді, бірақ біреуі — Желтоқсан көшесіндегі жолақ қана пайдалануға берілді, ал Райымбек батыр бойындағы BRT мерзімі 2026 жылға шегерілді. Биыл әкімдік құрылысқа тағы 25 млрд теңге жұмсайды.
Райымбек батыр даңғылындағы BRT желісі қаладағы ең ұзын болуы керек еді. Оның үстіне көлік жөніндегі мамандар тарапынан Райымбек батыр даңғылындағы БРТ желісі неліктен біресе жүру бөлігінің ортасымен, біресе шетімен жүргізілген, Тимирязев көшесі бойындағы желіге ұқсамайды деген сұрақ туды.
Теміржолшылар ауруханасы2021 жылғы наурызда теміржолшылар ауруханасы республика меншігінен қала меншігіне берілді. Әкім Ерболат Досаев онда балаларға арналған заманауи қалалық оңалту орталығы болады деп уәде берді. Өткен бес жыл ішінде Алматы әкімдігі ғимаратты жөндеуді қолға алған да жоқ, ал жағдайы күн сайын нашарлап бара жатыр.
Светлана Ромашкинаның фотосуреті
Бұл ғимарат 1948-1950 жылдары тұрғызылды, қала құрылысы және жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші қатарында, бірақ көп жыл жартылай қираған күйде тұр. 2024 жылғы 1 шілдеде оның ішінен тіпті өрт шықты.
Ғимаратты реконструкциялау 2022 жылы, сосын 2024 жылы басталады деп айтылды.
Жоба-смета құжаттамасы 2021 жылы дайындала бастады, бірақ мемлекеттік сараптамадан өтіп үлгерген жоқ. 2025 жылғы желтоқсанда Алматы құрылыс басқармасы «Власть» редакциясының сауалына берген жауабында әзірленген жоба-смета құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ деп хабарлады.
КрематорийАлматыда крематорий ғимараты 2021 жылы салынды, бірақ әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ.
Құрылысына қатысты сот та болды. Ғимаратқа коммуникация жүргізілмегені үшін қала әкімдігі мердігермен соттасты. 2023 жылдың басында инженерлік желілерді тарту 80 пайызға орындалды деп хабарлады. 2024 жылғы қарашада әлі ашылмаған крематорийге жеңіл жөндеу жүргізілді.
Сот аяқталып, коммуникация жүргізілгеннен кейін әкімдік крематорийдің меншік түрін және оның жұмысын білмейтін болып шықты. Алдымен крематорий ғимараты қай мекеменің балансында болатыны шешілмеді. Денсаулық сақтау министрлігі мен әділет министрлігі ол біздің жауапкершілігімізге кірмейді деді. Біраз әуре-сарсаңнан кейін 2025 жылы қазан айында «Қалалық патологоанатомия бюросының» балансына берілді. 2026 жылғы ақпанда жерлеу және қабірге күтім жасау ережелерінде тұлғалардың қандай санатына кремация жасауға болатыны, кремация жасау туралы өтінішті кім бере алатыны жайында және жекелеген күрделі жағдайларда қалай әрекет ету керегі нақты айтылмаған болып шықты.
Екінші жылу электр орталығын газға көшіру2017 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы ауаның ластануын азайту үшін Алматының Екінші жылу электр орталығын газға көшіруді тапсырды. 2020 жылға қарай көмірден газға өтеді деп айтылды, кейін мерзімі 2023 жылға, артынан 2025 жылға шегерілді. Қазір жаңа дата 2026 жылдың соңы деп тұр. Сонымен қатар Үшінші жылу электр орталығын модернизациялау туралы да айтылды, оның реконструкциясы 2023 жылы басталды және биыл желтоқсанда аяқталуға тиіс.
2021 жылы президент Тоқаев мұны одан әрі соза беруге болмайтынын мәлімдеді.
Қазір Екінші жылу электр орталығын газға көшірумен қытайлық компаниялар консориумы айналысып жатыр. Жоба құны — 388 млрд теңге.
Әл-Фараби даңғылындағы көпірАлматы әкімдігі әл-Фараби даңғылында Есентай өзені үстімен жүретін жаяу көпірді аяқтауға тырысып жатқанына биыл төрт жыл болады. 2023 жылы көлік көпірін реконструкциялауға және екі бөлек вело-жаяу көпір салуға 2 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды. Сол жылы көлік көпірі пайдалануға берілді, ал жаяу жүргіншілерге арналған көпір елеусіз қалды. Мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Сағындық Телібаев проблеманы көпірдің сол жағымен су құбыры жүреді, оны қыста көшіруге болмайды деп түсіндірді. Көпірдің сол жағының құрылысы 2026 жылғы мамырда аяқталады деп жоспарланып отыр.
Тұңғыш президент саябағын реконструкциялауАқпан айында қала әкімдігі Тұңғыш президент саябағына реконструкция басталады деп хабарлады. Жоба-смета құжаттамасы 2020 жылы әзірленіп қойған еді, бірақ мемлекеттік сараптамадан өте алмады. Барлық құжаттаманы дайындаудың реті қазір туды.
Қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев оптимистік танытып отыр — құжат бойынша реконструкция бір жарым жылға созылуға тиіс, бірақ шенеунік 2026 жылдың соңына дейін үлгергісі келеді. Сонымен қатар, әкім орынбасары «Орталық Азиядағы үздік саябақ» болады деп уәде берді.
Жанар Каримованың фотосуреті
Жабық жеңіл атлетика манежі2022 жылғы сәуірде сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаев Almaty Arena жанынан жабық жеңіл атлетика манежі салынады деп мәлімдеді. «Власть» сауалына Алматының спорт басқармасы Нұркент ықшамауданында жеңіл атлетика спорт кешені құрылысының жоба-смета құжаттамасы 2024 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланғанын, ал пайдалануға 2026 жылдың соңында берілуге тиіс екенін хабарлады.
Жоба менеджментіне қатысты былықКөлік саясаты бойынша сарапшы Елена Ерзакович Алматыда маңызды көлік жобаларын ұзақ жүзеге асыру — жобаларды әлсіз басқарумен және әкім ауысқанда көлік саясатын жүзеге асыруда сабақтастық болмауымен байланысты дейді.
Мысалға әл-Фараби даңғылындағы Есентай өзені үстіндегі көпірді реконструкциялауды келтірді. Оның ойынша, бастапқыда реконструкция жобасы мамандар мен тұрғындар берген ескертулердің ешқайсы ескерілмей жоспарланды. Бұл жоба кептеліс проблемасын шешуге аса әсер етпейтіні туралы көп жазылды, сөйте тұра орасан шығынымен қатар ол жаяу адамдарға екі жылға проблема тауып берді.
Көпірді реконструкциялау, 2023 жыл, Алматы қаласы баспасөз қызметінің фотосуреті
Әл-Фарабидегі жұмыс кезінде қала билігіне шұғыл шешім қабылдауға тура келді, мысалы, белсенділердің ағаштың оталуына назар аударуын айтуға болады.
«Жоспары жасалған осындай жобаны жүзеге асыру барысында коммуникацияны көшіру проблемасы анықталуы нонсенс», — дейді Ерзакович.Оның ойынша, LRT төңірегіндегі жағдай да парадоксқа толы: «Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының жаңа басшысы Ержан Диханбаев бас жоспарға түзету енгізу бойынша тыңдалымда жеңіл рельсті көліктің алғашқы техника-экономикалық негіздемесін әзірледік деп мәлімдеді. Ол жоба тарихынан, оған дейін қанша ТЭН жасалғанынан бейхабар болып отыр! Бауыржан Байбек кезінде 2018 жылы LRT жобасы мердігерді анықтайтын тендер кезеңіне дейін жеткенін, әкім Сағынтаев кейін жобаны тоқтатып тастағанын білмейтін болып тұр. Ақырында ТЭН ескірді, оны жаңартып, жоба құнын қайта есептеу керек болды».
Ерзакович әр жаңа әкім өзі тағайындалғаннан кейін команданы түгелдей дерлік өзгертіп жібереді, жаңа адамдар кешігу себептеріне үңіле бермейді, маңызды жобаларға қатысты сырттай консультация жүргізбейді дейді. Сонымен қатар, сабақтастық та жоқ. Команда ауысқанда барлығы жаңадан басталады.
Ол әкімдікте қазір қандай жобалар жасалып жатқаны да ашық айтылмайтынын атады: «Бас жоспарға қатысты тыңдалымда біз әкімдікте әл-Фараби бойымен экстакадамен жүретін жаңа көлік түрін салу идеясы пайда болғанын білдік, бұған басшылықтың Қытайға барып келгені әсер етсе керек. Әр шенеуніктің жаңа көлік түрін енгізсем деген қалауына ыңғайланып, көлік инфрақұрылымын соған қарап жоспарлауға бола ма екен? «Алматыбасжоспардың» жаңа идеясы көп, бізге оқуға материалын, негіздемесін берсеңізші. Ақырында басқарма басшысының көзқарасына байланысты болып шығады. Яғни, оған белгілі бір көлік түрі немесе белгілі бір шешім ұнамаса, ол бар күшін соны тежеуге жұмсайды. Сағынтаев келіп жеңіл рельсті көлікті тоқтатқаны соған мысал. Қала бес жылын жоғалтты, қазір тағы бір нәрсе жобаланып жатыр».
Оның айтуынша, саяси ерік болмаса, бірде-бір мердігер сапалы жоба жасамайды, себебі одан ешкім ештеңе талап етпейді, уақытты созады, сосын жұмысты жаңа орындаушыға тапсырады. Қандай да бір фидбек немесе сыни талдау мен кеңес алу мақсатымен жіберілген қателер жіне жүзеге асыруға қатысты проблемалар еш талқыланбайды.
Ерзакович жоба алдындағы олқылыққа мысал келтірді — жеке меншіктегі жерді сатып алу және жобалық шешімдер сапасы кесірінен тұралап қалған Райымбек даңғылындағы BRT жобасы: «Учаскелерді толық сатып алмай тұрып, әлі де пайдаланылып жатқан көшеге инфрақұрылым жобасын қалай бастауға болады? Бұл жоба менеджментіне қатысты былық, бақылаудың болмауы, күрделі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға қатысты жалпы біліктің жоқтығы».
Әкімдерге инфрақұрылым жобалары емес, жылдам келетін жетістік маңыздыСәулетші, қала құрылысы кеңесінің мүшесі Айдын Ақбай негізгі проблема аса көп қаржы бөлінбейтін және берілген мерзімі жеткіліксіз болатын жобалау сапасына байланысты деген сенімде: «Бізде әрдайым жобалар асықтыра жүргізіледі, бұл сапаға әсер етеді. Әкімдік болсын, басқа да тапсырыс беруші болсын, жобалауға ақша үнемдеп, әлемдік тәжірибеге қайшы әрекет етеді. Керісінше, жобалаушылардан ақша аямау керек, олардың жұмысы сапалы болса, құрылыс-монтаж жұмыстарынан үнемдеуге болады. Бізде жоба әзірлеудан үнем жасап, ақырында құрылыс-монтаж жұмысы кезінде шығын межеден асып кетіп жатады. Проблема қысқа мерзімге, қысқартылған бюджетке байланысты, бұл әлденені ескерусіз қалдыруға, қате жіберуге алып келеді».
Саясаттанушы, Urban Forum Kazakhstan ұйымының негізін қалаушы Әділ Нұрмақов бұл кейстер жалпы әртүрлі дейді: бір жерде проблема жерге қатысты болса, бір жерде қаржыға, рұқсат процедурасына, дұрыс реттеудің болмауына қатысты. Жүйелі түрде алып қарайтын болсақ, олардың ортақ белгісі бар — ірі жобалардың көбі идеяның немесе ақшаның болмауынан емес, институттардың әлсіздігінен ақырына дейін жетпей қалып жатады.
«Көп жылдан бері жергілікті атқарушы биліктің құрамдас бөліктері бір арнаға тоғысуы, өзара келісуі жайында сын айтылып жүр. Яғни бір аппараттың өзінде — басқармаларда, ведомстволарда, коммуналдық кәсіпорындарда, жергілікті деңгейдегі квазимемсекторда тұтастық жетпейтіні байқалады. Бұған мердігерлермен, бизнес сектормен, азаматтармен, орталық үкіметпен ортақ тіл табу мәселесін қосыңыз», — дейді Нұрмақов.
«Тұтастық болуы өте маңызды, функциялардың қайталануы, шешім қабылдау алгоритміндегі босаңдық, жауапкершілікті бір-біріне арту — жолға қойылған бюрократиялық тірліктің шеңберінен шығатын қалыптан тыс жобаларды жүзеге асырған кезде қатерге ұрындырып жатады. Әр күрделі жоба бірнеше саланы қамтиды және түрлі тараптың шешімін, келісімін қажет етеді. Шындығында мұндай жобаның біртұтас кеңсесі, жүзеге асыруға және кейін басқаруға жауапты болатын арнайы құрылған заңды тұлғасы болуға тиіс, жоба бойынша көпшілікке мәлім жұмыс жобасы, таймлайн, КРІ және есебі болуға тиіс», — дейді Нұрмақов.
Сарапшы қала жобаларындағы олқылыққа жүйелі түрде себеп болатын тағы бір нәрсеге назар аударды: әкімдерге жылдам жетістік маңыздырақ. «Жобалауына, мақұлдауына, ұнамсыз шешімдері мен қатеріне бірнеше жыл кететін ірі инфрақұрылым жобалары қызыл лентаны сен емес, сенен кейін келетін адамдар кеседі дегенді білдіреді».
Сондықтан жобалар амбиция символы ретінде қолға алынады, олар кемеліне жеткен болуы да мүмкін, бірақ көбіне алдын ала жеткізе ойластырылмаған болып шығып жатады, сосын команда немесе басымдық өзгереді де, олар бастапқы айтылғаннан да қиын болып шығады, сосын ұзаққа созылған құрылысқа айналады немесе ысырылады.
Әйтсе де, Нұрмақов соңғы жылдары Алматы әкімдігінде жүйелі жоспарлауға, Алматыны дамыту орталығы құрамынан жоба кеңсесінің нышанын құруға ұмтылыс байқалып жүр дейді. Алайда бас жоспарда белгіленген жобаны жүзеге асыру ғана жаңа әкімнің аппаратты кезекті рет қайта құруы ведомстволардың шашырағанын, басқарудың әлсіздігін және қысқа саяси көкжиекті еңсеруге қаншалықты септігін тигізгенін көрсетеді.
