БҚО-да домбыраға арналған музей ашылды
"Қазақтың рухын тулатқан киелі домбыра қазақтың әрдайым сенімді серігі болған. Қанымызда қапталған, санамызда сақталған, ұлттық қорымызда таңбаланған Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бүгін арнайы музей ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Домбыра музейінің бұл жерде ашылып жатқаны кездейсоқ емес. Ақжайық елін күйдің отаны деп есептейміз. Күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина, Дәулеткерей, Ұзақ ғұмыр кешкен мекен. Ұлттық рухымыз өрлей берсін!" - деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Аталмыш шараға Түркістан және Қызылорда облыстарынан мәдениет саласының ардагерлері мен өкілдері қатысты.
Шарада Д. Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің солист-қобызшысы, Өнертану кандидаты, "Мәдениет саласының үздігі", күйші Ықылас атамыздың ұрпағы Ақнар Тәттібайқызы БҚО тарихи-өлкетану музейінің қорына қобызшы Ықылас Дүкенұлының қобызының көшірмесін табыстады.
"Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Қобызды да домбырамен егіз деуге болады. Орал бізге ыстық. Ықыластың баласы Түсіпбек қобызшы болған. Түсіпбек Ықыласұлы ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдары конфискация кезінде Оралдағы ескі түрмеде қайтыс болған екен. Ықылас атаның қобызының көшірмесін арнайы алып келіп отырмын", - деді Ақнар Тәттібайқызы.
Жаңа музейдің лентасын өңірімізге танымал тарихшы, "Мәдениет саласының үздігі", өлкетанушы Жайсаң Ақбай мен Бақытжан Хаберұлы қиды.
Музей жартылай жертөлелі екі қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында музейдің жаңа экспозициясы жабдықталған. Домбыра тарихы залы, Құрманғазы Сағырбайұлы мен Құрманғазы оркестрі, Батыс өңірі домбырашыларының залы бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!