“ҚазМұнайГаз“ еншілес компаниясына 32 миллиард теңге айыппұл салынды
"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на 32 миллиард теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Маңғыстау облысының прокуратурасы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заңбұзушылықтар анықтады.
"Прокурорлар қолданған шаралардың нәтижесінде, соттың 04.12.2024 жылғы қаулысы бойынша компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 31 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Сот актісі заңды күшіне енді.
"Сондай-ақ, мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың шамадан тыс шығарылу дерегі де анықталды. Аталған факт бойынша 11.12.2024 жылы компания қосымша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1,2 миллиард теңге айыппұл салынды".
"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ – 1963 жылы құрылған қазақстандық мұнай-газ компаниясы. Компанияның штаб-пәтері Ақтауда орналасқан "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ компаниялар тобына кіреді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!