Қошанов: “Қара қар“ мәселесін түбегейлі шешуіміз қажет
Сапар аясында Ерлан Қошанов Сәтбаев қаласындағы №1 жылу стансасының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, олармен экология және "қара қар" мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері атап өткендей, Сәтбаевтағы экологиялық мәселелердің басты себебі – көмір сапасы мен жылу электр станциясындағы фильтрлердің нашар жұмыс істеуі. Ол Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті. Е.Қошанов облыс әкімдігі мен "Қазақмыс" компаниясының өкілдеріне жағдайды жақсарту және экологиялық проблемаларды, соның ішінде Сәтбаевтағы жылу электр станциясын газға көшіру бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде қабылдау туралы талап қойды.
"Ескі фильтрлер сапасыз көмірден шыққан күл қалдықтарын ұстап тұруға шамасы жетпей отыр. Бұл қала экологиясына және тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде. Мұндай мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ қазір барлық себепті толық анықтап, келесі жылыту маусымына дейін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Кәсіпорын басшылығы, Энергетика министрлігі және әкімдік бұл мәселені бірлесіп, уақыт создырмай шешуге тиіс. "Қара қар" сияқты келеңсіз құбылыстардан түбегейлі арылуға бар күшімізді салуымыз қажет. Өз кезегінде, Мәжіліс депутаттары жағдайды бақылауда ұстайтын болады", – деді спикер.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен "Қазақмыс" компаниясының басшылығы келесі жылыту маусымына дейін Сәтбаев жылу станциясының тазарту жүйелерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жұмыстарды аяқтауға міндеттеме алды.
Энергетика министрлігінің өкілдері Ұлытау облысында жылу электр станциясын жаңғыртуда "инвестиция орнына тариф" тәсілі арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Мәжіліс спикері халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету соңғы жылдардағы ең маңызды мәселенің бірі екеніне назар аударды. Инженерлік инфрақұрылымның жағдайы Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Елдегі тозығы жеткен қазандықтарды, инженерлік-коммуналдық желілерді жаппай жаңғырту жұмыстары еш пафоссыз және көзбояушылықсыз жүріп жатыр. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты.
Мәжіліс депутаттары Жезқазғандағы гидроцехтағы жұмыспен, Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, облыс белсенділерімен және жұртшылықпен кездесті.
Суреттер: Ж.Жұмабеков