“Миллиардтарды ұрлайтындарды іздеңіздер“ - депутат мобильді аударымдарды бақылау жөнінде
Өзінің депутаттық сауалын Перуашев премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдады. Депутаттың айтуынша, ұсынылған тәсілдер "бизнес пен халық үшін өте қолайсыз".
"7 ақпанда өткен жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін премьер-министрдің орынбасары Байбазаров мобильді аударымдарды бақылау тәсілдері қайта қаралатынын мәлімдеген болатын. Алайда уәде етілгендей өзгерістер енгізілмей, бұл бастама бизнес пен халық үшін қолайсыз түрде күшіне енді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл жаңашылдық талқыланған кезде-ақ Ұлттық банк мобильді төлемдердің 30 пайызға азайғанын хабарлаған болатын. Бүгінде шағын бизнес жиі қолма-қол төлемдерге көше бастады.
Олжас Байделдинов сияқты сарапшылардың пікірінше, төлемдерді толық бақылау түрік моделін қайталайды. Бұл ұлттық валютаның қос курсының қалыптасуына әкелді: төлемдер қолма-қол төлемдерден 10 пайызға қымбат болды. Сонымен қатар, бұл елдегі жедел инфляцияның көздерінің бірі болып табылады. Мұндай қысым бизнестің және азаматтардың материалдық жағдайына айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік шығындар әкелуі мүмкін", – деді Перуашев Мәжіліс отырысында.
Осыған байланысты депутат шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта қарауды ұсынды.
"Ресейде 2020 жылдан бастап тек 30 аударымнан аса қабылдайтын адамдар ғана мониторингке алынады, әрбір төлем 1 мың рубльден асуы керек және бұл төлемдердің жалпы сомасы айына 1 миллион рубльден (шамамен 5,5 миллион теңге) асуы тиіс. Ал бізде барлық төлемдер, ең ұсақтарын қоса алғанда, 255 мың теңге сомасынан бастап бақылауға алынады, бұл Ресеймен салыстырғанда 20 есе төмен. Мұндай ауқымды, қажетсіз ақпарат кімге пайдалы?" – деп сұрады Перуашев.
Сондай-ақ, депутат "Ақ жол" фракциясы мониторингке жататын төлемнің ең төменгі шегін 3-5 мың теңгеден бастап белгілеуді қажет деп санайтынын айтты.
"Ай сайынғы төлемдердің жалпы сомасын анықтауға келсек, 255 мың теңге көлеміндегі шекті біздің жағдайымызға сәйкес келмейді деп санаймыз. Төлем сомасын кәсіпкердің таза табысы деп есептеуге болмайды. Іс жүзінде шағын бизнестің табыстылығы 15-20 пайыз болады, және 255 мың теңге айналымнан оның табысы 50-60 мың теңге болады, бұл ең төменгі жалақыдан да аз. Таза табысы 255 мың теңгеден асуы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден асуы керек. Осыған байланысты "Ақ жол" демократиялық партиясы айына 1 миллион теңгеден асатын мобильді төлемдерді мониторингке алуды ұсынады", – деп Перуашев өз ұсынысын жеткізді.
Депутат шағын және микробизнес – бұл шағын дүкендерде, кафелерде немесе ұсақ қызметтер көрсететін адал жұмыс істейтін қарапайым адамдар екенін еске салды.
"Бюджетті ұрлайтын олар емес, миллиардтарды оффшорларға әкететіндер де олар емес. Егер мұндай кәсіпкер артық 10-20 мың теңге тапса, ол бұл ақшаны елде қалдырады – мысалы, баласына киім сатып алады немесе өз бизнесін сәл кеңейтеді. Олигархтарды іздейтін жер бұл емес, құрметті шенеуніктер. Миллиардтарды ұрлайтындарды іздеңіздер", – деп түйіндеді Азат Перуашев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!