“2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды“ - cарапшы
Премьер-министрдің бюджет-салық саясатын реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҰЭМ жанындағы сараптамалық кеңестің бірінші отырысын өткізді.
Кеңес отырысына қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, 20-дан аса сарапшы, оның ішінде, ірі қаржылық, инвестициялық, талдау және консалтингтік ұйымдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің, "Атамекен" ҰКП басшылары қатысты.
Жиынға қатысушылар бюджет табысын арттыру шараларын, жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ұсынылған жаңа шаралар кешенін талқылады.
Қатысушылардың көпшілігі кодекстің жаңа редакциясында ұсынылып отырған бірқатар қолданыстағы салық жеңілдігін алып тастау, банктер мен қаржы ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін арттыру, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салуды енгізу мерзімдерін 2030 жылдан 2026 жылға ауыстыру, ойын бизнесіне салық салуды қайта қарау жөніндегі шаралармен келісті. Бұл шаралар бюджетке түсетін кірісті 1 трлн теңгеден аса мөлшерде арттыруға арналған.
"Алайда бұл шаралар шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін жеткіліксіз. Кеңесте жыл сайын бюджетке түсетін салмақ артып келе жатқаны, әлеуметтік шығындар өсіп жатқаны, ал экономиканың нақты секторын дамыту бюджет шығыстарының 10%-ынан азы екені айтылды", - деп жазылған хабарламада.
Салық-бюджет салаларында реформаларсыз жағдайды түзеу мүмкін емес. Кездесуге қатысушылар ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті теңестіру әрі салық салу жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
"2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды. Біз өткен жылдардағы кейінге қалдырылған, ұзақ уақытқа созылған реформаларды қабылдауға мәжбүр боламыз. Бұл – мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра алатындай бағаны нарықтық жағдайға келтіру. Өкінішке қарай, қазір салықтарға қатысты жағдайды түзету, оларды әкімшілендіруді жақсарту, тіпті кейбір жағдайларда мөлшерлемелерді қайта қарау үшін бірқатар танымал емес реформаларды қабылдауымыз керек. Ең бастысы мұны Ұлттық қорды сақтау үшін емес, экономиканың нарықтық экономикаға айналуы үшін жасауымыз керек. Жаңа Салық кодексі, бүгін біз талқылаған ұсыныстардың кейбірі көп ұзамай көпшіліктің игілігіне айналады. Мен барлығын өз пікірін айтуға шақырамын", - деді NAC Analytica КҚ (NU) басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!