Жаңа ҚҚС мөлшерлемесі қашан анықталады?
Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін анықтау мерзімін атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Шамамен 15-20 ақпан аралығы, менің ойымша, бұл соңғы мерзім. Біз Парламентке баруымыз керек, өйткені заң жобасы бар", - деді вице-премьер Үкіметтегі брифингте.
Жұманғариннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесінің жаңа деңгейі әлі анықталмаған.
"БАҚ-та ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыз деп ұсынылатыны айтылып жатыр. Мен бірден айтайын: ҚҚС-тың 20 пайыздық мөлшерлемесі әлемде ең кең таралған. Біз үкіметте бұл мөлшерлеме туралы әлі шешім қабылдаған жоқпыз, сіздерге ашық айтамын. Мөлшерлемеге қатысты нақты шешім қабылданды деп айтуға әлі ерте. Біз ҚҚС мөлшерлемесін көтереміз. Бірақ қанша пайызға көтерілетіні қазір талқыланып жатыр", – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін көтеру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы реформаларды қолдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!