Енді заңгер-ғалымдар судьяларға көмектеседі
Қазақстанда сот тәжірибесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін алғаш рет тәуелсіз заң сарапшылары күш біріктіріп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ZanSar сараптамалық-құқықтық зерттеулер институты құқық қолдану теориясы мен тәжірибесінің аса маңызды және өзекті мәселелері бойынша ғылыми-практикалық құқықтық сараптамалық пікірлер, түсініктемелер, қорытындылар мен зерттеулер дайындауға бағытталған "Әділдік жолындағы ғылым" жобасының басталғанын жариялады. Жобаның мақсаты – Қазақстанда ғылыми негізделген және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруға жәрдемдесу.
Жоба аясында алғашқы сараптамалық қорытынды жарияланды. Онда мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жоғалған пайдасын өтеу мәселелері бойынша сот шешімдері талданады. Қазақстанда көп жағдайда тендерге адал қатысушы негізсіз шеттетіліп, сотта ол өзінің дұрыстығын дәлелдейтін кезде тендер аяқталып кетіп, құқығын қорғау мүмкін емес болып қалады.
Заң бойынша мемлекет жоғалған пайданың орнын толтыруы керек. Бірақ сот күтілетін пайданы дәлелденбеген деп есептеп, бас тартады. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлерді қорғау үшін кең мүмкіндіктері бола тұра, олар өздерінің мүліктік құқықтарын қорғауда түрлі кедергілерге тап болып жатады. Бұл бизнес пен мемлекет арасындағы экономикалық қатынастарда теңгерімсіздік тудырады.
Институттың құрылтайшысы Айгүл Кенжебаеваның айтуынша, қоғамның басты мәселелерінің бірі – сенімнің жоқтығы.
"Сот жүйесінің қанағаттанарлық жұмысы - қоғамдағы сенімнің қалыптасуының негізі бөлігі саналады. Азаматтар мен бизнестің сот жүйесіне деген сенімін арттыру қажет. Мұны қалай жасауға болады? Әлбетте, сот төрелігінің сапасын арттыру қажет екені анық. Бұл көп қырлы міндеттерді жүктейді", - дейді Кенжебаева.
Заңгер заң мамандары шешуге көмектесетін екі негізгі мәселені көтерді.
"Біріншіден, бұл – судьялардың шамадан тыс жүктемесі. Олардың әр істі жан-жақты қарап, толық зерттеуге уақыты жоқ. Бір судьяның үстелінде бір уақытта ондаған іс жатуы мүмкін. Кейде сот отырыстары бірнеше минуттың ішінде өтіп кетеді! Мұндай жағдайда судьяның күрделі құқықтық мәселелерді терең талдауға тіпті мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, құқықтық реттеу күн сайын күрделеніп келеді. Судья барлық құқық салаларының маманы бола алмайды. Ол осындай талдау жүргізуде көмекке мұқтаж болады. Бірақ сонымен бірге бейтараптық пен тәуелсіздікті сақтау қажет. Бұл мәселелерді шешуге құқықтанушы сарапшылар, ғалымдар мен тәжірибелі мамандар көмектесе алады және көмектесуі тиіс. Дәл осы мақсатта біз ZanSar сараптамалық-құқықтық зерттеулер институтын құрдық. Оның атауы ‘zan’ (заң) және ‘sarapshy’ (сарапшы) сөздерінен алынған", – дейді ол.
Институт сарапшылары ұсынып отырған сот төрелігіне көмек көрсету нысандары әртүрлі болуы мүмкін. Сондай жобалардың бірі - "Әділдік жолындағы ғылым" деп аталады.
"Әділдік жолындағы ғылым" жобасы екі бағытта жұмыс істейді: біріншісі – соттарда нақты істерді қарау барысында құқықтанушы сарапшыларды маман ретінде кеңінен тартуға қол жеткізу, екіншісі – институт тарапынан күрделі, өзекті және маңызды құқықтық мәселелер бойынша сотқа және жалпы қоғамға сараптамалық қорытындылар ұсыну," – деп атап өтті Айгүл Кенжебаева.
Жоба аясындағы құқықтық қорытындыларды бірнеше саладан хабары бар ZanSar институтының жоғары білікті сарапшылары дайындайды. Қорытындылар қажетті ғылыми-тәжірибелік деңгейде болуы үшін әрбір сараптамалық тұжырымдама арнайы құрылған сарапшылар кеңесінде талқыланып, бекітіледі.
Заңгер-ғалымдардың соттарға кеңірек көмектесуін қамтамасыз ету үшін олардың тәуелсіздігі мен бейтараптығын, кәсіби біліктілігін, сараптамалық қорытындылардың жоғары сапасын және сарапшылардың этикалық нормаларды қатаң сақтауын қадағалайтын шаралар әзірлеу қажет.
Институт өз реестріне енгізетін сарапшыларды мұқият іріктейді. Бұл іріктеу олардың кәсібилігіне, беделіне, кең тәжірибесі мен жоғары этикалық стандарттарды сақтауына, сондай-ақ институттың этикалық кодексі мен кәсіби қызмет ережелеріне қосыла отырып, өздерінің адалдығы мен бейтараптығын көрсете білуіне негізделеді.
Институттың сарапшылар қызметін реттейтін ережелері тәуелсіздік, бейтараптық және мүдделер қайшылығынан аулақ болу сияқты қатаң этикалық қағидаттарға негізделген.
"Біз институтымыздың сараптамалық қорытындылары судьяларға күрделі құқықтық мәселелер бойынша ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі деп сенеміз. Сонымен қатар бұл судьялардың жүктемесін азайтып, уақыттарын үнемдеуге септігін тигізеді. Бұған қоса, біздің қорытындыларымыз сот төрелігінің сапасына қоғамдық бақылау жүргізетін құрал бола отырып, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді", – деп түйіндеді спикер.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!