Астана-Щучинск тасжолында 95 көлік соқтығысып қалды: 6 қылмыстық іс қозғалды
3 қаңтарда Астана – Щучинск тасжолында жаппай жол-көлік оқиғасы болып, 95 көлік пен 20 адам зардап шекті. ІІМ алты қылмыстық іс пен 37 әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады, сондай-ақ негізгі тергеудің қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің ресми жауабына сәйкес, жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 353-бабы 1-бөлігі "Көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша алты қылмыстық іс қозғалды. Әкімшілік заңнама аясында 37 әкімшілік іс қозғалып, олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы "Көлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін бұзуы, нәтижесінде адамдардың денсаулығына зиян келтіруі, көлік құралдарына немесе басқа да мүлікке зақым келтіруі" бойынша қаралып жатыр", – деп хабарлады ІІМ.
Министрлік мәліметінше, аталған қылмыстық істер бойынша қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесінде түпкілікті процестік шешімдер қабылданады.
Жол жүру ережелерін бұзған адамдардың анықталуы және олардың қай өңірде тұратыны туралы сұраққа министрлік жауап бермеді. Сондай-ақ, күдікті тұлғалардың ұсталған-ұсталмағаны туралы түсініктеме беруден бас тартты, оған ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабын негіз ретінде келтірді.
Еске сала кетейік, 3 қаңтарда Астана – Щучинск тасжолында жаппай жол апаты болып, 95 көлік пен 20 адам зардап шекті. Зардап шеккендерге түрлі деңгейдегі бас-ми жарақаттары, сүйек сыну және дене жарақаттары диагнозы қойылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!