Қазақстандағы неке және ажырасу, өлім және туу көрсеткіштері: жаңарған мәлімет
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның 2024 жылға арналған демографиялық ахуалы туралы нақтыланған мәліметтерді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адам болды, оның ішінде қала тұрғындары - 12 774 743, ауыл тұрғындары - 7 511 341 адам. Халықтың саны бір жылда 252 242 адамға өсті, оның ішінде табиғи өсім есебінен 235 078 адамға, көші-қон есебінен - 17 164 адамға.
12 ай ішінде 368 670 сәби дүниеге келген, оның ішінде ұлдар - 190 213, қыздар - 178 457. Туудың ең жоғары деңгейі:
Түркістан облысы (1000 тұрғынға 25,05 адам),
Маңғыстау облысы (24,47),
Шымкентте (23,68) байқалды.
Аталған уақыт ішінде 133 592 адам қайтыс болды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,57), Шығыс Қазақстан (11,29) және Қостанай (10,18) облыстарында байқалды, бұл осы аймақтардағы халықтың жас құрылымына байланысты.
Сондай-ақ, былтырғы жылдың ішінде алдын ала мәлімет бойынша 123 651 неке және 40 647 ажырасу тіркелген.
2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда елге келгендер (ықтиярхат алған) саны 29 948 адамды құраса, елден 12 784 адам кеткен. Көші-қонның оң сальдосы 17 164 адам болды. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 17,9 пайыз көбейсе, елден кеткендер саны 20,4 пайызға азайған. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болған. Сол елдерден келгендердің үлесі 81,1 пайыз болса, сонда кеткендердің үлесі 74,9 пайыз.
2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 47,6 пайызға артты. Өңіраралық көші-қон бойынша халық көші-қонының оң сальдосы еліміздің 4 өңірінде қалыптасты: Астана (7 3238 адам), Алматы (36 061 адам), Шымкент қалаларында (9 361 адам) және Алматы облысы (2 639 адам).