Не жаңалық бар, Жафар бей?
Сіздер бұл дүниеде екінші сортты кісілер бар екенін білесіздер ме?
Менің өмірімнің көп жылы сондай кісілердің ортасында өтті, мен оларды бес саусағымдай білемін. Оларды айыра білу әрі қиын, әрі оңай. Оңай дейтінім: сырт қарағанда олар бір-біріне тым ұқсас келеді. Айталық: сіз кемемен Патшазада аралдарына, Қадыкөйге бет алдыңыз, немесе Босфорда жүзіп келе жаттыңыз дейік. Сонда екінші класс салонына барып қарасаңыз, одан тек екінші сортты кісілерді ғана көресіз. Менің балалық шағым Патшазада аралдарының бірінде, Хейбелиадта өтті. Содан бергі отыз жыл бойында, меніңше, екінші класс жолаушылары ешқандай өзгермеген тәрізді. Екінші класс салонына қашан кірсем де, сол балалық шағымдағы екінші сортты кісілерді тағы көргендей...