Шыңжаңдағы жақындарын қайтаруды талап еткен Халида Ақытхан мен Жәмила Мәкенге айыппұл салынды
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот екеуіне жеңілдік жасап, айыппұл көлемін 30 пайызға қысқартқан. Оларға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 6-бөлімі) бойынша айып тағылған.
65 жастағы Халида Ақытхан – Қытайда қамалған үш ұлын елге жіберуді талап етіп жүрген белсенді аналардың бірі. Ол бұған дейін де әкімшілік сотқа тартылған.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ осы аптада наразылықты Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстырған. Бұл жақта да полиция Қытай елшілігі алдында наразылық өткізгендерді ұстап, әкімшілік жазаға тартуға тырысып жатыр. 24 қыркүйекте күндіз наразылыққа қатысқан Гаухар Құрманғалиеваға айыппұл салынды. Қазір тағы бірнеше белсендінің соты жалғасып жатыр.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын ақпанда Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кей күндері консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген.
БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп сипаттайды. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.